Францияда Ниццадағы лаңкестік құрбандарына арналған үшкүндік аза тұту жарияланды

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Франция билігі бейсенбі күні кешке 84 адамның өмірін жалмаған Ниццадағы теракт құрбандарына арнап, үш күн жалпыұлттық аза тұтуды жариялады.

Бұл жайында елдегі премьер-министр Мануэль Вальс Елисей сарайындағы қауіпсіздік кеңесінің отырысында хабарлады.

 «Республика президенті 16,17,18 шілде күндері Ниццадағы шабуыл құрбандарын аза тұту туралы шешім қабылдады. Бүгіннен бастап тулар түсіріледі», - деді үкімет басшысы.

«Қазір бізге қарсы терроризм бастаған соғыспен бетпе-бет тұрмыз. Террористердің мақсаты - қорқыныш пен дүрбелең орнату. Франция мұндай мазасыздыққа жол бермейді» , - деді премьер-министр.

«Заман өзгерді және біз терроризммен бірге өмір сүріп үйренуіміз керек. Біз ынтымақтастық пен ұжымдық сабыр танытуымыз керек. Франция 14 шілде күні ұлттық мерекеде жараланды», - деді ол.

«Париж прокуратурасы тергеу жұмыстарына жауап береді», - деп Мануэль Вальс өз сөзін толықтырды.