Францияда ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандық азамат Қарағандыда кремний зауытының директоры болған

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Францияда ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандық азамат Ербол Иманқұлов Қарағандыда металлургиялық кремний шығару зауытының «Тау-Кен Темір» ЖШС-інде директор болып жұмыс істеген, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның осы өңірдегі тілшісі.

«Е.Иманқұлов «Тау-Кен Темір» ЖШС-ін басқарған», - деп растады Қарағанды облысының әкімдігі.

«Тау-Кен Темір» ЖШС-нің құрылтайшысы - «Тау-Кен Самұрық» Ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ («Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ» АҚ-ның еншілес құрылымы).

Бұған дейін ҚР СІМ хабарлағандай, Францияның оңтүстігінде апатқа ұшыраған Germanwings әуе компаниясының Airbus A320 ұшағының апаты салдарынан Қазақстанның 3 азаматы - Иманқұлов Ербол Базаралыұлы (1965 жылы дүниеге келген), Исенғалиева Айжан Сарымқызы (1966 жылы дүниеге келген) және Иманқұлов Әділ Ерболұлы (1989 жылы дүниеге келген) қаза тапты.

Бұдан басқа, Германия үкіметінің хабарлауынша, ұшақтың ішінде Блес Елена есімді азаматша болған. Алдын ала болжам бойынша, ол да Қазақстан азаматы болып табылады. Қазіргі кезде бұл ақпаратты тиісті органдар тексеруде.

Сыртқы істер министрлігі қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына барынша көмек көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар