Францияда жасөспірім өлімінен кейінгі ереуілде ұсталғандар саны 421 болды

Фото: AFP , видео BBC NEWS
АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияда қарсылық өршіп барады. Халық биліктен әділдік талап етіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC агенттігіне сілтеме жасап.

Жалпы ереуілге 6 мыңнан аса адам қатысқан. Тұрғындар жасөспірімнің өліміне себеп болып, қатыгездік көрсеткен полицияны жазалауды талап етіп отыр.

Халықтың жаппай бас көтеруіне 17 жастағы жігіттің көз жұмуы түрткі болды.

Францияның Нантер қаласында талапқа бағынбаған жүргізушіге полиция оқ атқан.

Бұл жағдай тұрғындарды дүрліктірді.

Полиция мен наразылық білдірушілер арасындағы қақтығыс үшінші түн жалғасып, 421 адам қамауға алынды. Ұсталғандардың көбі - 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдер.

Парижде полицияның көп болуына қарамастан дүкендер тоналып, көліктер өртенді.

Жасөспірімді атқан полиция қызметкері марқұмның отбасынан кешірім сұрады. Оған өз еркімен кісі өлтірді деген айып тағылды.

17 жасар Наелдің анасы бұған дейін бүкіл полицияны кінәламайтынын айтқан, ол тек баласын өлтірген офицерді жазалауды сұрап отыр.

«Ол арабтың кішкентай баласының жүзіне тіке қарап тұрып атып тастады», - дейді ол.

Кеше, бейсенбіде түстен кейін мыңдаған адам Наелдің анасы бастаған бейбіт құрмет шеруіне қатысты.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін наразылық шеруі өтіп жатқан Франция қалаларына тәртіп орнату үшін 40 мың полицей жөнелтілетінін хабарлаған болатынбыз.

Бұл туралы елдің ішкі істер министрі Жеральд Дарманен 29 маусым, бейсенбі күні мәлімдеген.