Франциядағы ұшақ апатынан кейін Turkish Airlines ұшқыштарға үйленуге кеңес берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Turkish Airlines әуе компаниясының бас директоры Темель Котиль компанияда жұмыс істейтін бойдақ ұшқыштарды отбасын құруға шақырды. Котильдің пікірінше, бұл әуе апаттарының орын алу мүмкіндігін азайтады.

Ол мұндай мәлімдемені жуырда Францияда Germanwings ұшағының апатқа ұшырауына байланысты жасады, деп хабарлайды шетелдік БАҚ. «Қайғылы оқиға ұшқыштың қызы оны тастап кеткен соң орын алды. Сондықтан біз бойдақ ұшқыштарға үйленуге кеңес береміз», - деді Turkish Airlines бас директоры. Естеріңізге сала кетейік, германиялық Germanwings әуе компаниясының жолаушылар ұшағы 24 наурызда Францияның оңтүстігінде апатқа ұшыраған. Ұшақ бортында 144 жолаушы мен алты экипаж мүшесі болған. Олардың барлығы қаза тапты. Тергеу нұсқасы бойынша, екінші ұшқыш Андреас Лубиц ұшақты әдейі тауға бағыттап, апатқа ұшыратқан.