Францияның конституциялық соты байларға арналған жоғары салықты бекітті

None
АСТАНА. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат - Францияда жоғары сот инстанциясы байларға аса жоғары мөлшерде салық салу заңының соңғы нұсқасын мақұлдады, деп хабарлады Associated Press. Оны президент Франсуа Олланд ұсынған болатын.

Бастапқыда ол жеке табыстың 75 пайызына салық салуды ұсынған, алайда Конституциялық кеңес бір жыл бұрын бұл әрекетті конституцияға қайшы деп тапты.

Содан кейін Ф.Олланд әкімшілігі заң жобасын қайта әзірледі. Ол бойынша 75 пайыздық салықты жұмыс беруші төлейді. Ал жылына 1 млн. еуродан астам табыс табатындарға салық салынады. Таяуда сот бұл нұсқаның Конституцияға сәйкес деп қаулы етті.

Мұндай салық саясатына қарсы болып, бұл заң қабылданса көтеріліске шығамыз деп жариялаған футбол клубтарына ешқандай жеңілдік жасалған жоқ. Кәсіби клубтарға жаңа заң жобасы бойынша жылына 44 млн. еуро салық салынады.

Айта кетерлігі, мұндай салық саясаты кезінде Жерар Депардьенің Франциядан кетуіне себеп болды. Жылдың басында ол Ресей азаматтығын алу үшін құжаттарын тапсырды. Қаңтардың алтысында-ақ Ж.Депардьеге РФ азаматының паспорты берілді.