Францияның Мемкеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялаудан бас тартты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияның жоғары әкімшілік соты - Мемлекеттік кеңесі Мұхтар Әблязовті Ресейге экстрадициялаудан бас тарту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазіргі уақытта Әблязов Парижден оңтүстікке қарай Флери-Мерожи коммунасындағы түрмеде отыр. Бұл Еуропадағы ең ірі пенитенциарлық мекеме болып табылады.

Бұған дейін хабарланғандай, БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов Қазақстанда, Ресейде және Украинада барлығы 11 бап бойынша айыпталды. 2009 жылдың 6 наурызында Әблязов халықаралық іздеуге жарияланды. Себебі оған және ол басшылық еткен қылмыстық топқа сеніп тапсырылған мүлікті иемденгендігі және талан-таражға салғандығы, алдау және сенімге қиянат келтіру арқылы бөтен мүлікті ұрлағандығы, заңсыз жолмен табылған ақша қаражаттарын заңдастырғандығы, банк қаражаттарын заңсыз пайдаланғандығы, өкілеттікті асыра пайдаланғандығы және қылмыстық топқа басшылық еткендігі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабы 3-бөлігінің «б» тармағымен, 176-бабы 3-бөлігінің «а», «б» тармақтары бойынша - 24-бабының 3-бөлігімен, 177-бабы 3-бөлігінің «а», «б» тармақтарымен, 193-бабы 3-бөлігінің «б», «в» тармақтарымен, 220-бабының 1-бөлігімен, 228-бабымен, 235-бабы 3-бөлігімен қарастырылған) айыптар тағылған болатын.

Барынша көлемді және күрделі қылмыстық істердің бірі болып табылатын бұл қылмыстық істің көлемі екі мың томнан асады және 150-ден астам эпизодтан тұрады. Ұйымдасқан қылмыстық топтың жасаған әрекеттерінен келтірілген шығынның анықталған сомасы 7,5 млрд. АҚШ долларынан асады.

Қылмыскерлердің іс-әрекеті тек Қазақстан аумағымен ғана шектелмеген, қылмыстардың елеулі бөлігі Қазақстанда бастау алып, басқа елдер аумағында, соның ішінде Ресей Федерациясы мен Украинада аяқталған.

Қылмыскерлер тек Қазақстан Республикасы мен отандық қаржы институттарына ғана шығын келтірумен шектелген жоқ. Қылмыстық әрекеттермен түрлі шетелдік мемлекеттер мен заңды тұлғалардың мүдделеріне нұқсан келтірілді. Атап айтқанда, Ресей Федерациясында Ресей Орталық банкінің ірі тұрақтандырғыш займдары мен жеке тұлғалардың салымдары ұрланды. Қылмыскерлердің Ресей мен Украинада келтірген шығындарының сомасы миллиардтаған доллармен есептеледі. Осыған байланысты, шетелдік мемлекеттердің бірқатары өздерінің ішкі құқықтық және әкімшілік жүйелеріне сәйкес дербес ұлттық мүдделерін басшылыққа ала отырып, ұйымдасқан қылмыстық топты қылмыстық қудалауды жүзеге асыруда. Олардың ішінде Ресей Федерациясы мен Украинаның құқық қорғау органдары дербес қылмыстық істерге тергеу жүргізуде.

Бірнеше мемлекеттің тапсырмасына сәйкес халықаралық іздеуде жүрген Әблязов Француз Республикасының билігімен 2013 жылғы 31 шілдеде ұсталды. 2013 жылғы тамызда Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Украина бір-біріне тәуелсіз, дербес түрде және әр елдің ұлттық заңнамасының талаптарына сәйкес Әбләзовті Франциядан экстрадициялау туралы сауалдар жолдады.