Франк-Вальтер Штайнмайер Қасым-Жомарт Тоқаевты резиденциясында қарсы алды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары жалғасып жатыр. ҚазАқпарат бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы Bellevue резиденциясына келді. Қ.Тоқаевты Германияның Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер қарсы алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Президентінің резиденциясында Құрметті қонақтар кітабына естелік қолтаңба қалдырды.
Еске салсақ, кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары басталды.
Президент Германия Канцлері Олаф Шольцтің ведомствосына барып, бетпе-бет форматында келіссөз жүргізді.
Келіссөздерден кейін тілшілерге берген баспасөз мәслихатында Президент Қазақстанның Ресеймен екіжақты тарапта және тиісті интеграциялық бірлестіктер шеңберінде тұрақты достық қарым-қатынаста екенін айтты. Украинадағы жағдайға қатысты Қазақстанның ұстанымы жөнінде пікір білдірді. Өзара айыптауларды тоқтатып, іскерлік келіссөздер жүргізуге шақырды.
Қазақстан мен Германияның ірі және орта бизнестері арасында маңызды коммерциялық келісімдер бекітілді.
Мемлекет басшысы Германияның Федералдық канцлерімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Президент жүргізілген келіссөздер қазақ-герман қатынастарын одан әрі нығайтуға екі тараптың ниетті екенін тағы да растағанын атап өтті.