Франко Драгоне «Астана Опера» театрында «Қыз Жібек» операсын қояды
Аталған операның қойылымы жөнінде алдын-ала келісімдерге «Астана Опера» МОБТ директоры Төлеген Мұхамеджанов Неапольға, итальяндық «Сан-Карло» театрына барған сапарында қол жеткізді. «Сан-Карло» басшылығы мен маэстро Франко Драгоне театр директорын «Аида» операсының тұсаукесеріне шақырған болатын.
Төлеген Мұхамеджанов атақты шебердің қазақ операсына қызығушылық танытқанын және алдағы жылдың қаңтар айында Астанаға келіп, «Астана Опера» театрының труппасымен танысатынын атап өтті. «Бүгінде аталған спектакльдің алдын-ала дайындық жұмыстары басталып кетті. Қойылымның тұсаукесері 2014 жылдың сәуір айына жоспарланды», - дейді директор.
Операның либреттосына негіз болған «Қыз Жібек» поэзиялық халық дастаны Төлеген есімді бозбаланың Жібек деген қызға махаббаты жайлы баяндайды. Сондай-ақ дастан қазақ халқының өткен ғұмыры - қазақ елінің ХVI-XVII ғасырларда өзара тартыстан туындаған айқас пен ерегістен зардап шеккен кезі жайлы сыр шертеді. Жас ғашықтар екі бөлек рудан. Оқиға жас жігіттің Бекежан есімді арам ойлы қарсыласының қолынан қаза тауып, ғашығының өлімін көтере алмаған бойжеткеннің де сүйіктісінің соңынан кетуімен аяқталады. Операны қоюшы суретші - талантты Софья Тасмағамбетова.
Сондай-ақ келіссөз барысында Т. Мұхамеджанов пен Ф. Драгоне тұсауы алдағы жылы кесілетін В. Моцарттың «Сиқырлы флейта» операсын қою барысын да талқылады.
Неапольға сапары кезінде Төлеген Мұхамеджанов «Сан-Карло» театрымен бірігіп хореограф Борис Эйфманмен «Реквием» (музыкасы В. Моцарттікі) балеттік спектаклін қою жөнінде келісті. Бұл спектакльдің тұсаукесері 2014 жылдың көктемінде «Сан-Карло» театрының сахнасында өтеді де сол жылдың күзінде «Астана Опера» театрында тұсауы кесіледі. Мұнымен қатар 2015 жылы «Астана Опера» театры «Сан-Карло» театрымен бірлесіп Джакомо Пуччинидің «Турандот» операсын қояды. Осы жылы «Астана Опера» (Қазақстан) және «Сан-Карло» (Неаполь, Италия) театрлары гастрольмен алмасады.
Астана күніне орай «Ла Скала» театрының труппасы «Астана Опера» театрына Людвиг Минкустың «Дон Кихот» балеттік спектаклімен гастрольмен келеді.
Жалпы алғанда 2014 жылы театр сегіз спектакльдің тұсауын кеспек, соның ішінде балеттен: П. И. Чайковскийдің «Аққулы көл», А. Аданның «Жизель», А. Хачатурянның «Спартак», Ғ. Жұбанованың «Қарагөз» және операдан: Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Дж. Пуччинидің «Тоска», Дж. Вердидің «Аида», В. Моцарттың «Сиқырлы сырнайы» бар.