Франция 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына жаңа шектеулер енгізбек

АСТАНА. KAZINFORM- Франция Президенті Эммануэль Макрон 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге кіруін реттейтін жаңа заң жобасының дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Анадолы .

Фото: Анадолу

Франция Президенті Эммануэль Макрон 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты жаңа реттеу тетіктері дайындалғанын хабарлады. Бұл құжат Конституциялық кеңес тамыз айында бұрынғы норманы «пікір білдіру еркіндігіне мөлшерден тыс араласу» деп тауып, күшін жойғаннан кейін әзірленді.

Макрон бұл туралы X әлеуметтік желісіндегі жазбасында 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге қол жеткізуін реттеуге қатысты пікір білдірді.

Франция Президенті билікке келген алғашқы күннен бастап балаларды цифрлық ортада қорғау мәселесіне жауапкершілікпен қарайтынын атап өтті.

Макрон бұл мәселедегі ұстанымының берік екенін айтып, 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануын реттейтін жаңа заң жобасы дайын екенін мәлімдеді. Бұған дейінгі нұсқаны Франция Парламентінің екі палатасы да қабылдаған. Алайда тамызда елдегі конституциялық бақылаудың жоғары органы – Конституциялық кеңес оның күшін жойды.

Макронның айтуынша, Кеңестің шешімінен кейін ол Үкіметке Еуропа стандарттарына сәйкес келетін және заң тұрғысынан орнықты жаңа норма әзірлеуді тапсырған. Президент бұл міндеттің «ерекше техникалық жұмыстың» арқасында орындалғанын атап өтті. Жаңа заң жобасы Еуропалық комиссияға хабарлама ретінде жолданған.

Макрон балаларды қорғауға бағытталған мұндай реттеу бүкіл Еуропада қабылдануы керектігін айтып, осы мақсатқа қол жеткізуге бар күшін салатынын мәлімдеді.

Конституциялық кеңес бұрынғы реттеу тетіктерінің күшін жойды

Бұған дейін Франция Парламентінің екі палатасы да 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге қол жеткізуіне қатысты норманы мақұлдаған еді. Алайда 14 тамызда Конституциялық кеңес оның күшін жойып, бұл норма жастардың пікір білдіру еркіндігіне «мөлшерден тыс араласу» болып табылатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар Кеңес балалардың мүддесін қорғау конституциялық талап екенін мойындады. Алайда қабылданған норма онлайн ортаның балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне төндіруі мүмкін тәуекелдерді жеткілікті деңгейде нақты айқындамайды деген қорытындыға келді.

Конституциялық кеңестің шешімінен кейін Макрон Үкіметке Еуропа нормаларына сәйкес келетін жаңа заң жобасын әзірлеуді тапсырды.