Франция Балқаштың экологиялық жағдайын зерттеуге грант бөлуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Француз даму агенттігінің Қазақстан аумағындағы бірнеше зерттеу жұмыстарына грант бөлетінін айтты.
— Бірінші грант — денсаулық сақтау саласындағы грант. Бұл грант қазіргі күнде мақұлданған. Екінші грант — Халықаралық Аралды құтқару қорына берілетін грант. Бұл грант та мақұлданған. Үшінші грант — су шаруашылығы саласындағы грант. Оның мақсаты — Балқаш көлінің шеңбер планын әзірлеу. Қазіргі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Француз даму агенттігі арасында белсенді талқылау жүргізіліп жатыр. Сондықтан бұл грант әлі мақұлданған жоқ. Яғни, үш гранттың екеуі мақұлдаған, — деді ол Сенат отырысында.
Келісімнің ережесі бойынша бұл гранттар зерттеулерге бағытталады және ол зерттеулерге француз сарапшылары тартылады. Кейбір гранттарға қазақстандық сарапшылар да тартылуы мүмкін.
Айта кету керек, бұл гранттар Қазақстан және Франция үкіметтерінің Француз даму агенттігі арқылы ынтымақтастықты дамытуға арналған келісімі аясында бөлінеді.
Агенттік Балқаш мәселесіне 1,3 млн еуро бөлуге ниетті.
Бұған дейін Қазақмыс компаниясы Балқаштың экожүйесін сақтауға 5 млн доллар бөлетіні хабарланды.