Франция билігі оқушылардың талабына көнді

АСТАНА. KAZINFORM – Франция үкіметі мектеп оқушылары мен студенттердің жаппай наразылығына жауап ретінде білім беру саласында реформалар жүргізетінін жариялады. Алайда жастар ұйымдарының өкілдері ұсынылған шараларды жеткіліксіз деп санап, халықты 31 қазан мен 5 қарашада шерулерді қайта жалғастыруға шақырып отыр, деп хабарлайды BBC .

Фото: Euronews

Дүйсенбі, 26 қазанда, жоғары сынып оқушылары мен студенттер ұйымдарының өкілдері Франция премьер-министрі Себастьен Лекорнюмен кездесіп, жағдайды реттеу жөніндегі үкімет ұсыныстарын талқылады.

Үкіметтің негізгі жеңілдіктерінің бірі – жоғары оқу орындарына түсуге арналған Parcoursup онлайн платформасынан кезең-кезеңімен бас тарту туралы шешім. Жоғары сынып оқушылары іріктеу рәсімінің ашық әрі әділ еместігін бірнеше рет сынаған еді.

Келесі жылы билік платформаның жұмыс істеу тетігін қайта қарап, оны барынша ашық етуді жоспарлап отыр. Ал 2028 жылға қарай қолданыстағы жүйе толығымен ауыстырылмақ.

Бұдан бөлек, үкімет жоғары оқу орындарында қосымша 15 мың орын ашуға уәде берді. Орта мектептің жоғары сыныптарында оқушылар санын 28 адаммен шектеу жоспарланып отыр. Ескірген мектеп ғимараттарын жөндеуге төмен пайыздық мөлшерлемемен 4 млрд еуро несие бөлінеді.

Францияның білім министрі Эдуар Жеффре жарияланған шаралар белгіленген мерзімде жүзеге асырылатынына сендірді.

Соған қарамастан, жастар ұйымдарының өкілдері барлық талап орындалмайынша наразылық акцияларын тоқтатпайтынын мәлімдеді.

Атап айтқанда, Les Lycéens жоғары сынып оқушылары ұйымы төрағасының орынбасары Луи Летублон ұсынылған шаралар наразылық қозғалысына қатысушылар көтерген барлық мәселені шешпейтінін атап өтті.

Францияда наразылықтар қыркүйек айында оқушылардың сыныптардың шамадан тыс толып кетуіне, мұғалімдердің жетіспеуіне және оқу орындарының жағдайына көңілі толмауына байланысты басталды.

Кейін шерулерге өмір сүру құны мен жанармай бағасының өсуіне қарсы шыққан кәсіподақтар мен басқа да қоғамдық ұйымдар қосылды.

17 қазанда Парижде және өзге қалаларда өткен жаппай акциялар полициямен қақтығыстарға, өрт қоюға және дүкендерді тонауға ұласты.

Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньестің мәліметінше, 24 қазанда ел бойынша өткен демонстрациялар кезінде 1 435 адам ұсталған.

Президент Эмманюэль Макрон жаңа тәртіпсіздіктер болуы мүмкін екенін ескертіп, күшейтілген қауіпсіздік шаралары әзірге сақталатынын мәлімдеді.

Наразылықтар аясында француз бизнесі де шығынға ұшырап отыр. CCI France сауда-өнеркәсіп палаталары желісінің басшысы Ален Ди Крешенцоның айтуынша, 17 қазандағы тәртіпсіздіктерден кейін көптеген дүкен жұмысын тоқтатып, соның салдарынан сауда көлемі азайған.

Бұған дейін Францияда 17 қазанда қымбатшылықтың салдарынан тұрмыстық тауқыметтің артып, мемлекеттік шығындардың қысқаруына қарсы жаппай наразылық акциялары өткен. Ішкі істер министрлігінің бағалауынша, ел бойынша шерулерге шамамен 550 мың адам, оның ішінде Парижде 110 мыңға жуық адам қатысқан. Наразылық білдірушілер халықтың сатып алу қабілетін арттыруды және мемлекеттік қызметтердің жұмысын жақсартуды талап етті.