Le Figaro мәліметінше, құжат 19 тамызда Францияның ресми басылымында жарияланды. Заң бірқатар талап сақталған жағдайда эвтаназияға рұқсат береді.
Науқас медицина қызметкерінің қатысуымен өлімге әкелетін препаратты өзі қабылдауы тиіс. Егер денсаулық жағдайына байланысты мұны өз бетінше жасай алмаса, препаратты медицина қызметкері енгізе алады.
Бұл құқық Францияның кәмелетке толған азаматтарына және елде тұрақты тұруға ықтиярхаты бар адамдарға беріледі. Науқас терминалдық немесе үдемелі сатыдағы ауыр әрі емделмейтін дертке шалдыққан, адам төзгісіз физикалық азап шегіп жүрген және саналы түрде шешім қабылдауға қабілетті болуы керек.
Науқасты бұл рәсімге жіберу туралы шешімді басқа мамандарды тарта отырып, бір дәрігер қабылдайды.
Өткен аптада Францияның Конституциялық кеңесі заңның Конституцияға сәйкестігін растады. Осыдан кейін Макрон қабылданған шешімді көпжылдық демократиялық пікірталастың нәтижесі деп атады.
Құжаттың қабылдануы француз қоғамында түрлі пікір туғызды. Жером Лежен қоры заңға наразылық білдірсе, Les Éligibles et leurs aidants қауымдастығы оның қоғамның ең осал топтарына қауіп төндіруі мүмкін екенін мәлімдеді.
Заң жобасы Францияда бірнеше жыл бойы талқыланды. Бұған дейін Макронның бастамасымен өмірден өтуге жәрдемдесу мәселесі бойынша азаматтық конвент өткізіліп, кейін құжат парламентте ұзақ талқылаудан өтті.
Заңға кейбір діни ұйымдар мен медицина қауымдастығының өкілдері қарсы шыққан.
Еске сала кетсек, бұған дейін Францияның Конституциялық кеңесі эвтаназияға қатысты заң жобасын мақұлдағанын жаздық.