Францияның Атлант мұхиты жағалауындағы Кап-Ферре түбегі толықтай эвакуацияланды. Туристер мен жергілікті тұрғындар құрлықпен қатар теңіз арқылы да қауіпсіз жерге көшірілді.
Жиронда департаментіндегі өрт сәрсенбі күні Бордо қаласынан 60 шақырым жерде басталып, қазірдің өзінде шамамен 125 шаршы шақырым аумақты шарпыды. Францияның Ішкі істер министрі Лоран Нуньестің мәліметінше, Жирондадан 110 мың, көршілес Ланд департаментінен тағы 31 мың адам эвакуацияланған.
Өртпен мыңға жуық өрт сөндіруші күресіп жатыр. Олардың ондағаны күйік пен түрлі жарақат алған. Жирондада 80 тұрғын үй мен бір кемпинг жанып кеткен.
Франция ІІМ дерегіне сәйкес, ел аумағында қазір 32 орман өрті тіркелген. Жыл басынан бері 50 мың гектардан астам орман өртеніп, бұл өткен жылдың көрсеткішінен шамамен үш есе көп.
Испанияда Мадрид пен көршілес Авила провинциясындағы өрттер бақылаудан шығып, үш ірі өрт ошағы бір-біріне қосылу қаупін тудырған. Осыған байланысты елде алғаш рет орман өрттеріне байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді.
Франция мен Испания Еуроодақтың Азаматтық қорғаныс тетігі арқылы көмек сұрады. Францияға Хорватия, Португалия, Чехия және Словакиядан авиациялық қолдау көрсетіледі. Еурокомиссия Испанияға Грекия мен Италиядан төрт Canadair амфибиялық ұшағын жіберетінін хабарлады.
Өрт дағдарысы Италияның Сицилия аралын да қамтыды. Ауа температурасының 40 градустан жоғары болуы, төмен ылғалдылық пен күшті желдің салдарынан өрт бірнеше жерде таралып, бір өрт сөндіруші қаза тапты.
Айта кетейік, бұған дейін Франциядағы әйгілі курорттық түбек тұрғындары алапат орман өртіне байланысты тегіс эвакуацияланғанын жаздық.
Оған дейін Франциядағы орман өртінен 20 мың адам эвакуацияланғаны хабарланды.