Франция мен Жапонияда Airbus жаңартуына байланысты 130 рейс тоқтатылды

Фото: flyairfrance

АСТАНА. KAZINFORM – Airbus ұшақтарындағы бағдарламалық қамтамасыз етуді шұғыл жаңарту салдарынан Air France авиакомпаниясы 35 рейсін, ал жапон тасымалдаушылары кемінде 95 рейсін тоқтатты. Бұл туралы Kazinform тілшісі хабарлайды.

BFMTV мәліметінше, Airbus A320 сериясына кіретін 6000-нан астам әуе кемесінің бір бөлігін жаңарту туралы талап жарияланғаннан кейін Air France жұма күні Франция әуежайларынан ұшуы тиіс 35 рейсті кері қайтарған. Компания өкілі нақты өзгерістер туралы ақпаратты сенбінің кешінде жариялайтынын және түнде жаңартылған кесте шығатынын айтқан.

Францияның көлік министрі Филипп Табаро барлық авиакомпанияларда, соның ішінде Air France-те де, кестеде кідірістер болуы мүмкін екенін ескертіп, жолаушыларға рейс мәртебесін алдын ала тексеруге кеңес берді.

Reuters деректеріне сүйенсек, Жапонияның ең ірі әуе компаниясы All Nippon Airways (ANA) сенбі күні 95 рейсті тоқтатып, 13,5 мың жолаушыға әсер еткен. ANA және оның еншілес Peach Aviation компаниясы Жапониядағы A320 ұшақтарының ең үлкен паркін пайдаланады.

Оңтүстік Кореяда Asiana Airlines жаңартулар тек 17 әуе кемесіне қатысты болғандықтан, елеулі кесте бұзушылық болмайтынын мәлімдеді. Ал Korean Air 10 ұшағын қайта пайдалануға енгізу үшін жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. Елдің көлік министрлігі жексенбінің таңына дейін 42 ұшақтағы жаңартулар толық аяқталады деп күтуде.

Бірқатар авиакомпаниялар кең ауқымды іркілістердің жоқ екенін хабарлады. Wizz Air жаңарту өз ұшақтарының бір бөлігіне ғана әсер еткенін, техникалық жұмыстар жоспарланғанын, бірақ демалыс күндері кей рейстердің өзгеруі мүмкін екенін мәлімдеді.

British Airways талап үш қысқа бағытта ұшатын A320 ұшағына ғана қатысты екенін және кестеге әсер етпейтінін хабарлады. Turkish Airlines барлық рейстерді қалыпты режимде орындап жатқанын айтты.

Еске салайық, Airbus компаниясы биіктік рөлі басқарылатын компьютердің операциялық бағдарламасын дереу жаңартуды міндеттейтін ұшу жарамдылығы жөніндегі директива шығарған еді.

Қазақстанда да Airbus ұшақтары тексеріліп, жаңартулар жүргізілді. Алматы әуежайы жаңартуға байланысты рейстердің кешігуі мүмкін екенін хабарлаған болатын.