Франция парламентінде НАТО-дан шығу мәселесі көтерілді

Фото: Oxu.az

АСТАНА. KAZINFORM — Франция Ұлттық жиналысының (парламенттің төменгі палатасы) вице-президенті Клеманс Гетте елдің НАТО-дан шығуына қатысты резолюция ұсынды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

— Қазір Францияның НАТО-ға мүше болып қалуы бұрынғыдан да маңызды мәселе болып отыр. НАТО – АҚШ басқаратын және негізінен сол елдің мүддесіне қызмет ететін әскери одақ. Сондықтан мен Францияны НАТО-дан шығару туралы резолюция ұсындым. Бұл ең алдымен альянстың біріккен әскери басқару жүйесінен шығудан басталуы керек, – деп жазды Клеманс Гетте әлеуметтік желідегі парақшасында.

Франциядағы солшыл күштердің өкілі Клеманс Гетте АҚШ-тың Венесуэла президенті Николас Мадуроға қатысты әрекеттерін және Гренландияны өз құрамына қосу жөніндегі жоспарларын сынға алды. Сондай-ақ ол АҚШ-тың Газа секторындағы қақтығыс кезінде Израильге көрсеткен қолдауына теріс пікір білдірді.

Бұл ұстаным Франциядағы «Бағынбайтын Франция» («La France insoumise») атты солшыл қозғалыстың бұрыннан келе жатқан саяси бағытына сай келеді. Аталған қозғалыс 2022 жылы-ақ НАТО-ны «әлемдегі жалғыз біріктірілген әскери альянс» деп атап, «Қырғи қабақ соғыс аяқталғаннан кейін бұл ұйым таратылуы тиіс еді» деген пікір айтқан болатын.

Бұған дейін Данияның премьер-министрі Метте Фредериксен НАТО-ның болашақта өмір сүруін тоқтатуы мүмкін екенін ескерткен еді. Бұл мәлімдеме АҚШ басшылығының Гренландияға қатысты айтқан сөздерінен кейін жасалған.