Франция президенті Макрон солшыл үкімет нұсқасынан бас тартты
АСТАНА. KAZINFORM – 26 тамызда президент Эмманюэль Макрон парламенттік партиялардың жетекшілері және қос палата басшыларымен алғашқы консультациялар өткізді. Мемлекет басшысымен кездесуге қатысушылар келіссөздерден кейін бірден түсініктеме беруден бас тартты, деп хабарлайды Euronews.
Кешке Елисей сарайы консультациялардан кейін коммюнике жариялап, Макронның солшыл үкімет нұсқасынан бас тартатынын ресми түрде растады.
«Президент консультациялардан кейін «Жаңа халықтық майданның» жалғыз бағдарламасы негізінде үкіметке басқа парламенттік партиялар бірден сенімсіздік білдіретінін мәлімдеді. Мұндай үкімет тиімсіз болар еді», - делінген мәлімдемеде.
Осылайша, «Жаңа халықтық майдан» солшыл альянсы республика премьер-министрі лауазымына ұсынған кандидатура өтпей қалды. Әңгіме 37 жастағы экономист Люси Касте туралы болып жатыр.
Партия өкілдері мен тәжірибелі саясаткерлермен кеңесудің жаңа кезеңі 27 тамызда басталады.
Елде өткен парламенттік сайлауда ультраоңшылдар рекордтық нәтиже көрсетті, бірақ оларға қарсы біріккен күштер – «Жаңа халықтық майдан» солшыл коалициясы мен «Республика үшін бірге» орталықшыл президенттік блоктан жеңіліп, үшінші орынға шықты.