Франция тәртіпсіздікке шақырған жазбаларды өшірмейтін әлеуметтік желілерді бұғаттамақ

АСТАНА. KAZINFORM — Франция үкіметі биліктің талабынан кейін бүлік пен зорлық-зомбылыққа шақыратын жарияланымдарды өшірмеген әлеуметтік желілерді бұғаттауды көздеп отыр, деп хабарлайды ТАСС .

Фото: Анадолы

Ұсынылып отырған бастамаға сәйкес, интернет-платформалар лаңкестік әрекеттерге, көтеріліске немесе мемлекетке, сондай-ақ халықтың жекелеген топтарына қарсы қарулы күреске шақыратын материалдарды бір сағат ішінде өшіруге міндеттеледі. Талап орындалмаған жағдайда билік әлеуметтік желілерді бұғаттауға немесе оларды іздеу жүйелерінің нәтижелерінен алып тастауға қол жеткізе алады.

Түзету интернеттегі заңсыз контентті анықтаумен айналысатын Pharos мемлекеттік платформасының өкілеттігін кеңейтуді де қарастырады. Сонымен қатар әлеуметтік желілерге кісі өлтіруге, зорлық-зомбылыққа, ұрлыққа және мүлікті жоюға шақыратын жазбаларды 24 сағат ішінде өшіру міндетін жүктеу ұсынылған. Бұл талап қоғамдық тәртіптің елеулі бұзылуына әкеп соғуы мүмкін материалдарға қатысты қолданылады.

Бастама 17 қазандағы наразылық акциялары кезінде болған жаппай тәртіпсіздіктерден кейін әзірленген. Дүйсенбі күні Франция президенті Эмманюэль Макрон Марсель қаласына сапары барысында әлеуметтік желілер шабуылдар мен тонау оқиғалары болған жерлерде адамдарды жинау және олардың әрекеттерін үйлестіру үшін пайдаланылғанын мәлімдеді.

Бұған дейін Франция президенті Эмманюэль Макрон наразылық акциялары кезінде болған жаппай тәртіпсіздіктерден соң Марсель қаласына баратынын хабарладық.