Франция: жаһандық жылыну еңбек заңнамасын өзгертіп отыр

Фото: Видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM – Францияның жазғы аптап ыстық күн райы енді техникалық жұмыссыздықтың себебі болып саналады. Сондықтан құрылыстағы жұмысшылар жұмысын мәжбүрлі түрде тоқтатқан жағдайда жалақысын жоғалтпайды, деп хабарлайды Еuronews

Францияда жаз мезгілі жылдан жылға ыстық болуда. Көптеген адамдарға бұл оңай емес, ашық ауада жұмыс істеуге тура келетіндер үшін тіпті қиын. Жақында ел билігі жұмыс берушілер қатты ыстық болған жағдайда құрылыс жұмыстарын тоқтата алады деген жарлық қабылдады.

«Бұл өте үлкен мәселе, өйткені жазатайым оқиғалар орын алған. Біз оларды болдырмауға тырысып келеміз», — деді құрылыс алаңындағы қауіпсіздікке жауапты қызметкер Уго Пасторелло.

Елдегі жазғы аптап ыстық толқындары енді техникалық жұмыссыздықтың себебі болып саналады. Сондықтан құрылыстағы жұмысшылар жұмысын мәжбүрлі түрде тоқтатқан жағдайда жалақысынан айырылмайды.

«Біз нысанға күндіз келіп, жұмыс істеу үшін тым ыстық екеніне көз жеткізуіміз, содан кейін біз жұмысшыларды үйге жіберуіміз керек. Бірақ олар жұмыс істегендей жалақы алады», — деді У.Пасторелло.

Еңбек заңнамасындағы мұндай өзгеріс әзірге тек құрылыс секторына қатысты. 

«Жұмысшылардың, барлығының денсаулығын жақсарту маңызды. Мен жаспын, бірақ менен үлкен адамдар бар шығар және оларға қиынырақ», — деді құрылысшы Диего Бернардо.

Зерттеуге сәйкес, ауаның температурасы 32 градустан жоғары болған кезде еңбек өнімділігі 40% төмендейді.