Жаңа ереже 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
Осылайша Франция Еуропада мұндай тыйымды енгізген алғашқы мемлекет атанды. Билік бұл шешімнің мақсаты кәмелетке толмағандарды барынша қорғау және әлеуметтік желілерді пайдалануға байланысты қауіп-қатерді азайту екенін мәлімдеді.
Жасанды интеллект мәселелері жөніндегі министр Анн Ле Энанффтың айтуынша, ел Еуропада алғаш болып «цифрлық кәмелетке толу жасын» енгізіп отыр. Бұған дейін осындай шектеу Австралияда қабылданып, онда 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынған болатын.
Заңға сәйкес, 1 қыркүйектен бастап 15 жасқа толмаған балалар әлеуметтік желілерде жаңа аккаунт аша алмайды. Ал бұған дейін тіркелген аккаунттарды платформалар заң күшіне енгеннен кейін 4 ай ішінде жоюға міндетті.
Сондай-ақ құжат әлеуметтік желілерді Францияның дербес деректерді қорғау жөніндегі реттеуші органының талаптарына сай келетін жасты тексеру жүйесін енгізуге міндеттейді. Бұған дейін платформалар мұндай шектеулерді сынға алғанымен, ұлттық заңнама талаптарын орындайтындарын мәлімдеді.
Бұған дейін Әзербайжанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салынған болатын.