Францияда аптап ыстық пен электр желісінің бұзылуына байланысты пойыз жолаушылары эвакуацияланды

АСТАНА.KAZINFORM - Францияның оңтүстік-шығысындағы Лион жолдарында тоқтап қалған екі жоғары жылдамдықты пойыздан жүздеген жолаушы шұғыл түрде эвакуацияланды. Аймақта күннің аяқ асты ысып кетуіне байланысты электр қуатымен жабдықтауда техникалық ақау пайда болған, деп хабарлайды BFMTV француз телеарнасы.

Фото: AFP

Оқиға LGV Sud-Est жоғары жылдамдықты желісінде азаматтардың ұзақ демалыстан кейін жаппай оралуы кезінде болды. Дүйсенбі - көптеген ЕО елдерінде демалыс күні.

Байланыс желісінің үзілуі мен электр қуатының тоқтауына байланысты екі құрам тоқтауға мәжбүр болды.

Пойыздардағы жағдай қиындай түсті: электр қуатының үзілуіне байланысты вагондардағы кондиционер жүйелері толығымен жұмысын тоқтатты.

Ал сыртқы температура 37 градус Цельсийге жетті, бұл мамыр айының соңындағы маусымдық ең жоғары көрсеткіш. Жолаушылар әлеуметтік желілерде жабық, ауа жоқ вагондарда екі сағаттан аса уақыт өткізгендерін хабарлады. Аптап ыстық қаупіне байланысты теміржол қызметтері құтқарушылармен бірлесіп, жолаушыларды теміржолдан толығымен эвакуациялау туралы шешім қабылдады.

Француз ұлттық теміржол компаниясының мәліметі бойынша, апат осы бағыттағы басқа қызметтерге де елеулі кедергі мен кідіріс тудырды.

Қазіргі уақытта электр желісінің зақымдалған бөлігін қалпына келтіру үшін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Эвакуацияланған жолаушыларға көмек көрсету және оларды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін оқиға орнына қосымша күштер жіберілді.

Француз метеорологиялық қызметі елде жазғы ауа температурасы жоғары болатынын ескертті.

Сарапшылар Еуропадағы аптап ыстық кем дегенде апта соңына дейін жалғасады деп болжайды.

Біз бұған дейін Еуропада 2026 жылғы алғашқы аптап ыстық басталғанын хабарлаған едік.