Көз жұмғандардың жасы 80 бен 95 аралығындағы екі ер адам мен бір әйел. Олар жексенбі күні Францияның оңтүстік-батысындағы Бордо маңындағы үйлерінде көз жұмды. Өлім жағдайлары Сенон, Сен-Медар-ан-Жаль және Сен-Жан-д’Илак коммуналарында тіркелді. Осы кезеңде Францияның көптеген аумағында ауа температурасы 36 °C-тан асып, кейбір елді мекендерде 40 °C-тан жоғары болды.
Мемлекет өкілі Софи Броканің айтуынша, төтенше жағдайлар қызметі аталған өлім жағдайларын алдын ала аптап ыстықпен байланыстырып отыр. Қазіргі ыстық толқыны ауқымы жағынан Еуропа тарихындағы ең жойқын кезеңдердің бірі болған 2003 жылғы тамыздағы аптаппен салыстырылуда.
Францияның ұлттық метеорологиялық қызметі Météo-France аномальды ыстықтың апта бойы сақталатынын ескертті. Дүйсенбі мен сейсенбі күндері елдің көптеген өңірлерінде «ерекше жоғары» температура күтілуде, ал кейбір аудандарда ауа температурасы қайтадан 40 °C-тан асуы мүмкін.
Францияның Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындарды суды жиі ішуге, алкогольден бас тартуға, үй-жайларды салқын ұстауға және күннің ең ыстық уақытында дене жүктемесін шектеуге шақырды.
Әсіресе қарт адамдарға күніне бірнеше сағат салқын немесе кондиционері бар бөлмеде болу, денені дымқыл сүлгімен немесе су бүрку арқылы салқындату және минералдық тепе-теңдікті сақтау үшін аз мөлшерде, бірақ жиі тамақтану ұсынылды.
Министрлік сондай-ақ көршілер мен туыстарды егде жастағы және жалғыз тұратын адамдармен тұрақты байланыста болуға шақырып, аптап ыстық кезінде күнделікті қоңырау немесе қысқа сапардың адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін екенін атап өтті.
18 маусымнан бастап елде тұрғындарға экстремалды ыстықпен күресуге көмектесу мақсатында арнайы ақпараттық «жедел желі» жұмыс істеп келеді.
Аномальды ыстық Испания, Ұлыбритания, Бельгия, Нидерланд, Италия, Швейцария және Германия елдерінде де қатты сезіліп отыр.
Айта кетелік Францияның 49 аймағында аптап ыстыққа байланысты ең жоғары қауіп деңгейі енгізілген еді.