Франция ең төменгі жалақыны шұғыл өсіруді көздеп отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Франция үкіметі халықтың өмір сүру құнының өсуіне қарсы жаппай наразылық білдіруіне байланысты ең төменгі жалақыны көтеру мерзімін 2027 жылғы қаңтардан 2026 жылғы желтоқсанға ауыстыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Reuters .

Коллаж: Kazinform / ИИ

Франция премьер-министрі Себастьен Лекорню бұл шешімді кәсіподақтар мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің өкілдерімен кездесуден кейін жариялады.

Еңбек министрі Жан-Пьер Фарандудың айтуынша, ең төменгі жалақы 1,6 пайыз өсіп, міндетті төлемдер шегерілгеннен кейін айына 1 502 еуроға (шамамен 755 мың теңге) жетеді. Осылайша қазіргі 1 478 еуромен (шамамен 743 мың теңге) салыстырғанда айлық табыс 24 еуроға (шамамен 12 мың теңге) артады.

Әдетте Францияда ең төменгі жалақы жыл сайын 1 қаңтарда инфляция деңгейіне сәйкес өседі. Алайда бұл жолы билік әлеуметтік шиеленісті бәсеңдету үшін жалақыны көтеруді бір ай ертерек өткізуді ұйғарған.

Соңғы апталарда Францияда жаппай наразылық шерулері өтіп жатыр. Бастапқыда мектептерді қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты басталған наразылық кейін кеңейіп, басқа да мәселелерге қатысты халықтың жаппай қарсылығына ұласты.

Бұған дейін Францияда жаппай наразылық акцияларының жаңа толқынына байланысты 70 мың полицей мен жандарм жұмылдырылғаны хабарланған болатын.