Францияда ереуіл болып жатыр: наразылар Экономика министрлігіне басып кірді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін бүкіл Франция аумағында еңбекшілердің кезекті ауқымды ұлттық ереуілі өтуде, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Наразылықтар «Барлығын бұғаттайық» әлеуметтік қозғалыс тобы ұйымдастырған өткен аптадағы ереуілден кейін қайта жалғасты. 10 қыркүйек күні Франция премьер-министрі қызметіне Себастьен Лекорню тағайындалған болатын, ал бүгінгі шаралар соның аясында жаңа серпін алды.
Кәсіподақ ұйымдары жазда жарияланған «қатаң» бюджет шараларына қарсы шықты.
Ұйымдастырушылар қатарында FDT, CGT, FO, CFE-CGC, CFTC, Unsa, FSU және Solidaires кәсіподақтары бар. Олардың мүшелері 2023 жылғы 6 маусымда өткен зейнетақы реформасына қарсы соңғы ереуілден кейін алғаш рет бірлесіп көшеге шықты.
Журналистердің пайымынша, бұл жолғы ереуіл 10 қыркүйектегі наразылықтан әлдеқайда ауқымды. Тасымалдау, денсаулық сақтау, білім беру және өзге де салалардың өкілдері қатысып жатыр.
Сондай-ақ шамамен 50 адам Франция Экономика министрлігі ғимаратына қысқа уақытқа басып кірді. Дегенмен айтарлықтай шығын немесе тәртіп бұзушылық тіркелген жоқ.
Сонымен қатар ереуілшілер елдің бірнеше жолдарын бұғаттауға талпынған. Тәртіпті қамтамасыз ету үшін таңғы сағат 4:00-ден бастап 80 мыңға жуық полицей жұмылдырылды.
Франция Ішкі істер министрі заң бұзушыларға қатысты қатаң шаралар қолданылатынын мәлімдеді. Кей өңірлерде жағдайды бақылау үшін дрондар пайдаланылған.
Қазіргі уақытта полиция 94 құқық бұзушылық дерегі бойынша хаттама жасап, 32 адамды ұстаған. Ел аумағында ІІМ-нің 476 шарасы өтіп жатыр, соның ішінде 341-і жолдарда, 135-і жол жабуларға қатысты. Сонымен бірге 20 өрт оқиғасы тіркелген.
Бұған дейін Францияда бюджет қысқартуға қарсы жалпыұлттық ереуілге дайындық жүріп жатқаны хабарланған болатын.