Францияда кезекті ұлттық ереуіл 2 желтоқсанға жоспарланған

Фото: Видеодан скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Францияның CGT, FSU және Solidaires кәсіподағы ертең, 2 желтоқсан күні бюджетке қарсылық таныту үшін ереуіл өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Le Parisien газеті бұл кәсіподақтар келесі жылдың бюджетін «әлеуметтік әділетсіз» деп санайтынын жазады. Олар әлеуметтік және қаржылық әділеттілікті сұрап, жұмыс орындарын қысқартпауды және жалақыны көтеруді талап етіп отыр.

Сондықтан ереуіл экономиканың бірнеше саласына әсер етеді. Ереуілге барлық мемлекеттік және жеке сектор қызметкерлері, сондай-ақ зейнеткерлер мен жастар шақырылды.

Демонстрация бірнеше қалада жоспарланған: Бордо, Ланс, Ла-Рошель, Дижон, Шатобриан, Дуэ, Руан және Гавр. Нақты орны мен уақытын кәсіподақ ұйымдары өздері хабарлайды.

Ереуіл Париждің қоғамдық көліктердің жүрісіне әсер етуі мүмкін. Кейбір метро, ​​автобус және трамвай желілері қысқартылған кесте бойынша жұмыс істей алады. SNCF (Францияның ұлттық теміржол компаниясы) CGT Cheminots кәсіподағы пойыздардың кешігуі мен уақытша тоқтатылуы туралы алдын ала хабарлайды.

Бұл ұлттық ереуілге мектеп мұғалімдері де қатысады деп жоспарланған. Кәсіподақ ұйымдары орта білім берудегі 4 мыңнан астам жұмыс орны мен бастауыш білім беру жүйесіндегі қызметкерлердің айтарлықтай қысқаруын айыптайды.

Айта кетейік, өткен аптада Бельгияда ел тарихындағы ең ауқымды ұлттық ереуіл болды. Үкімет саясатына қарсылық ретінде түрлі сала өкілдері жұмысқа шықпай, жаппай наразылық білдірді.