Францияда лаңкестік шабуылға дайындалған 6 адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Франция полициясы Париж маңындағы Сарсель коммунасында терактіге дайындалған 6 күдіктіні қолға түсірді. Бұл туралы елдің Ұлттық терроризмге қарсы прокуратурасы (PNAT) жариялады, деп хабарлайды Report .

Фото: Report

Ведомствоның мәліметінше, ұсталғандардың барлығына қылмыстық топ құрамында қарақшылық жасағаны, сондай-ақ қаруды заңсыз тасымалдағаны және өткізгені үшін айып тағылды. Сот отырысынан кейін олар қамауға алынды.

Еске салайық, 12 шілдеде Франция билігі Сарсель ауданынан шамамен 300 адамды эвакуациялаған болатын. Бұған француз ішкі барлау қызметінен күдікті көлік туралы ақпараттың түсуі себеп болған. Саперлер көліктің ішінен оқталған мылтық пен тапанша тапты.

Көлік синагога маңында тұрғандықтан, тергеу болжамды шабуылдың нысанасы жергілікті еврей қауымдастығының болуы мүмкін деген нұсқаны да қарастырып жатыр.

Айта кетейік, Пәкістанның оңтүстігіндегі Карачи портындағы Рейнджерс мекемесіне жасалған лаңкестік әрекеттен үш қауіпсіздік қызметкері қаза тапты.