Францияда Лувр музейіндегі ғасыр ұрлығы туралы көркем фильм түсіріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы қазан айында болған Лувр музейіндегі атышулы ұрлық оқиғасы желісімен Францияда деректі сериал мен көркем фильм түсірілгелі жатыр. Бұл туралы BFMTV телеарнасы хабарлады.

Фото: pixabay.com

Екі жоба да үш журналистің тергеуіне негізделген Main basse sur le Louvre («Луврды басып алу») атты кітап бойынша әзірленеді. Flammarion баспасынан шыққан еңбекте авторлар «жексенбілік қарақшылардың» Аполлон галереясына кіріп, құны 88 миллион еуроға бағаланған корольдік асыл тастарды қалай ұрлағанын баяндайды.

Ұрлық халықаралық деңгейде үлкен резонанс тудырып, Луврда басқару дағдарысына әкелген. Соның салдарынан музей басшылығы ауысқан.

Кітапты экранға бейімдеу құқығын Flammarion баспасы көркем фильм түсіру үшін Iconoclast продюсерлік компаниясына, ал деректі сериал үшін аты аталмаған басқа продюсерге сатқан.

Толықметражды фильмнің режиссері болып Ромен Гаврас бекітілді. Әзірге фильмнің атауы, актерлік құрамы мен тұсаукесері болатын күн жарияланған жоқ.

Main basse sur le Louvre кітабының авторлары жеті айға созылған тергеу мен негізгі күдіктілердің ұсталуынан кейін ұрланған әшекейлерді іздеу құқық қорғау органдары үшін «күрделі жұмбаққа» айналғанын айтады.

Олардың пікірінше, бұл оқиға өнер туындыларын ұрлау көптеген қылмыскер үшін кәдімгі бизнес түріне айналғанын көрсетеді. Сондай-ақ авторлар брондалған көліктер мен банктерді тонау дәуірінен кейін қылмыстық әлемнің жаңа табыс көзін тапқанын атап өтеді.

Айта кетейік, Луврдағы атышулы ұрлық 2025 жылғы 19 қазанда болған. Қылмыскерлер автокөтергіштің көмегімен ғимараттың екінші қабатына көтеріліп, Аполлон галереясына терезе арқылы кірген. Олар екі витринаны сындырып, бірнеше бірегей тарихи зергерлік бұйымды, оның ішінде Наполеон Бонапарт пен Жозефина Богарне коллекцияларындағы асыл заттарды алып кеткен.

Мұражай шығыны 88 миллион еуроға бағаланды.

Барлық операция небәрі 4–7 минутқа созылған. Кейін қарақшылар скутерлермен ізін суытқан. Оқиғадан кейін Лувр музейі үш күнге жабылды. Француз баспасөзі бұл оқиғаны «ғасыр тонауы» деп атады.