Францияда мыңдаған адам бюджетті үнемдеу шараларына қарсы шықты

Фото: News.am

АСТАНА. KAZINFORM — Бейсенбі күні Францияда жұмысшылардың тағы бір ереуілі өтті, деп хабарлайды Кazinform меншікті тілшісі.

Кәсіподақтар, студенттер мен мемлекеттік сектор қызметкерлері үкімет ұсынған 2026 жылға арналған бюджетке наразылық білдірді.

«02 қазан» деп аталған наразылық шаралары көлік қозғалысын, мектептер, ауруханалар және тіпті энергетикалық инфрақұрылым жұмысын ішінара тоқтатып, 2023 жылғы зейнетақы реформасына қарсы наразылықтардан кейінгі ең үлкен қоғамдық қозғалыстардың біріне айналды. 

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, түске дейін шеруге 85 мың адам шығып, 240-қа жуық митингі өткізу жоспарланған. Францияның жалпы еңбек конфедерациясы өз кезегінде наразылық білдірушілер саны 600 мыңға жеткенін мәлімдеді.

Наразылық акциялары үкіметтің қатаң үнемдеу жоспарына байланысты туындады. Кәсіподақтардың айтуынша, бұл жоспар қарапайым азаматтарға салмақ түсіреді.

Бюджет жобасында мемлекеттік қызметтерді, әлеуметтік қамсыздандыруды және зейнетақыны қысқарту, сондай-ақ қызметкерлерге берілетін бірқатар жәрдемақыны алып тастау қарастырылған. 

Жақында саяси дағдарыстан кейін қызметіне кіріскен премьер-министр Себастьян Лекорню бұл шаралар тапшылықты азайту және инвесторлардың сенімін қайтару үшін қажет екенін айтты. 

Наразылық шараларына елдің ең ірі кәсіподақтары: CGT, CFDT, FO, CFE-CGC, CFTC, Solidaires, FSU және UNSA қатысып отыр. Қозғалыстың өзегін бюджеттік сала қызметкерлері: мұғалімдер, медбикелер, метро машинистері және теміржолшылар құрайды. Оларға университеттер мен мектептерді қоршап тұрған студенттер мен энергетика қызметкерлері қосылды.

Ереуіл болған күні Францияның Эйфель мұнарасы сияқты символы да жабылып, наразылық шараларының ауқымын айқын танытты.

Осы арада жаңа премьер-министр Себастьян Лекорню үкіметке қаржылық немесе әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша кез келген заң жобасын парламенттің дауысынсыз біржақты түрде қабылдауға мүмкіндік беретін «Конституцияның 49-бабының 3-тармағының күшін жоюға» уәде берді. 

Францияның әсіре оңшыл оппозициясының жетекшісі Марин Ле Пен Лекорнюдің бұл қадамын құптады.

Еске сала кетсек, қыркүйек айында Францияның көптеген қаласында жергілікті кәсіподақтар Франция үкіметінің экономикалық саясатына наразылық ретінде ірі ереуіл өткізді.