Францияда пойыз рельстен шығып, апатқа ұшырады

АСТАНА. KAZINFORM — Францияның солтүстігінде қалааралық пойыз рельстен шығып кетіп, салдарынан 44 адам зардап шекті, деп хабарлайды БелТА .

Фото: AP

Зардап шеккендердің бірі — 18 жастағы қыз ауыр халде жатыр. Қалған 43 адамның жарақаты жеңілдеу. Қазір оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп, пойыздағы қалған 140 жолаушыны эвакуациялады. 

Пойыз машинисі қан құрамында алкоголь немесе есірткі заттарының бар-жоғын анықтау үшін медициналық тексеруден өткен. Сараптама нәтижесі теріс болған.

Бұған дейін Францияның көлік министрі Филипп Табаро 20 адамның зардап шеккенін хабарлаған еді.

Алдын ала мәлімет бойынша Руан мен Кан қалалары арасында қатынайтын пойыз Клеон коммунасы маңында белгісіз бір нысанмен соқтығысқан. Соның салдарынан вагондардың бірі аударылып, тағы төртеуі рельстен шығып кеткен.

Теміржолдың осы учаскесіндегі қозғалыс уақытша тоқтатылды.

Айта кетейік, Францияның оңтүстігінде 225 гектар орман өртке оранды.