Францияда токсин мөлшері нормадан асқан 41 тонна түрік інжірі тәркіленді

Фото: ekonomimanset.com

АСТАНА. KAZINFORM —  Марсель кеден қызметі Түркиядан әкелінген 41 тонна кептірілген інжірді тәркіледі. Зертханалық тексеріс барысында охратоксин A деңгейі анықталып, кейбір партияларда ол Еуроодақ рұқсат еткен нормадан тоғыз есеге дейін асып кеткен, деп хабарлайды Kazinformнің Анкарадағы меншікті тілшісі. 

Францияның DGDDI (Кеден және жанама салықтар жөніндегі бас басқармасы) мәліметінше, талапқа сай келмейтін 41 тонна түрік кептірілген інжірі санитарлық нормаларды бұзған. Бұл туралы түркиялық ekonomimanset.com интернет-басылымы жазды.

Тексеру жыл басында Марсель маңындағы Витроль қаласындағы қоймада жүргізілген. Салмағы 10 тоннадан асатын алғашқы партия үлгілерінен зең саңырауқұлақтарынан түзілетін микотоксин — охратоксин A анықталып, оның мөлшері ЕО нормасынан бес есе жоғары болған. Кейін Түркиядан жеткізілген тағы төрт партия тексеріліп, олардың бірінде токсин деңгейі рұқсат етілген шектен тоғыз есе асып кеткені белгілі болды.

Охратоксин A кейбір зең түрлері — Aspergillus және Penicillium арқылы түзіледі. Ол астық өнімдерінде, кофе, жүзім және кептірілген жемістерде дұрыс сақталмаған және кептірілмеген жағдайда жиналуы мүмкін. Бұл зат ықтимал канцероген ретінде саналады және адам денсаулығына қауіп төндіреді.

Тәркіленген өнім жойылған немесе кері Түркияға қайтарылған. Сол операция аясында Гвинеядан әкелінген 15 тонна күнжіт те тәркіленген, онда жәндіктер мен залалдану белгілері анықталған.

DGDDI дерегінше, 2025 жылы Марсель мен Пор-де-Бук портында 659 санитарлық тексеру жүргізіліп, олардың шамамен 16%-ында заң бұзу анықталған.

Франция түрік інжірі үшін негізгі экспорттық нарықтардың бірі болып қала береді. Эгей экспорттаушылар қауымдастығының мәліметіне сәйкес, 2024–2025 маусымында Түркияның кептірілген інжір экспорты алғаш рет 300 млн доллардан асқан. Ең ірі сатып алушы — АҚШ, екінші орында — Франция, одан кейін Германия тұр.

Бұған дейін Түркиядан Сирияға ұн экспорты 110%-ға артқаны хабарланған еді. Қуаңшылық, үсік және бидай импортына қатысты реттеудегі өзгерістерге қарамастан, Сирияға түрік ұнының жеткізілімі 650 мың тоннаға жеткен.