Францияда жанармай бағасы рекорд жаңартты

АСТАНА. KAZINFORM – Францияда жанармай бағасының күрт өсуі халықтың наразылығын күшейтті. Соңғы апталарда балықшылар мұнай базалары мен порттарға кіреберістерді жауып, фермерлер қымбатшылыққа қарсы наразылық акцияларын өткізді, деп хабарлайды Euronews .

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Францияда дизель отынының литрі 2,41 еуроға дейін қымбаттап, жаңа рекорд орнатты. Елде ең көп сатылатын SP95-E10 бензинінің бағасы литріне 2,17 еуродан асып, 2022 жылғы ең жоғары көрсеткіштен жоғарылады. Ал SP98 бензинінің орташа бағасы 2,28 еуродан асты.

Бағаның өсуіне байланысты Франция үкіметі жанармай қымбатшылығынан ең көп зардап шеккен отбасыларға арналған атаулы өтемақы шараларын кеңейтіп, оның мерзімін ұзартатынын жариялады. Жаңа қолдау пакетіне 450 млн еуро бөлінеді. Осылайша жанармай бағасының өсуін жұмсартуға бағытталған шаралардың жалпы көлемі 1,4 млрд еуроға жетпек.

– Жанармайға салынатын салық мемлекетке айтарлықтай кіріс әкеледі, бірақ сонымен бірге оның түпкілікті бағасын едәуір арттырады, – деді Париж Дофин университетінің экономика профессоры Анна Крити.

Францияда жанармайға салынатын негізгі екі салық бар. Оның бірі – энергетикалық өнімдерді тұтынуға салынатын TICPE акцизі, екіншісі – шамамен 20% мөлшеріндегі қосылған құн салығы. ҚҚС жанармай құнына TICPE қосылғаннан кейін есептеледі.

Сарапшылардың пікірінше, Францияның дизель отыны импортына тәуелділігі де бағаның сыртқы факторларға сезімталдығын арттырады. Елде дизельмен жүретін көліктер көп, бұл отын түрін шағын және орта бизнес, коммерциялық тасымал мен өнеркәсіп те кеңінен пайдаланады.

Қазіргі жанармай бағасы инфляцияны есепке алғанда, 2018 жылы «сары жилеттер» қозғалысының жаппай наразылығына түрткі болған деңгейден де асып кеткен.

Айта кетейік, Сирияда жанармай бағасының өсуіне қарсы наразылық жалғасып жатыр.