Францияда жаппай наразылық кезінде 5 мыңнан астам адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Франция полициясы елдің түкпір-түкпірін қамтыған жоғары сынып оқушылары мен студенттердің наразылық акциялары кезінде 5 мыңнан астам адамды ұстады. Бұл туралы Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес мәлімдеді, деп хабарлайды Report .

Фото: Report

— Дүйсенбіден бері 5 мыңнан астам адам ұсталды, — деді ІІМ басшысы.

Министрдің айтуынша, жұма күні құқық қорғау органдары наразылық акциясына қатысқан 1 747 адамды ұстаған. Бұл алдыңғы күнгі көрсеткіштен аз. Бейсенбіде ұсталғандар саны 1 954 адам болған.

Оның мәліметінше, 2 қазанда 735 білім беру мекемесінің маңында наразылық шаралары өткен. Олардың 158-де ғимараттарға зиян келген.

Жоғары сынып оқушыларының наразылығы өткен аптада ел астанасы орналасқан Иль-де-Франс өңірінде басталып, қазір бүкіл Францияға тарады. Оқушылар оқу жүктемесінің шамадан тыс көптігіне, мұғалімдердің жетіспеушілігіне және білім беру саласындағы басқа да жүйелі мәселелерге наразылық білдіріп жатыр.

Бірқатар өңірде бейбіт акциялар жаппай тәртіпсіздікке және құқық қорғау органдарымен қақтығысқа ұласқан. Наразылықтарға байланысты Ұлттық білім министрі Эдуар Жеффре бірқатар оқу орнын қашықтан оқыту форматына көшіру туралы шешім қабылдады.

Бұған дейін жаппай наразылыққа байланысты 400-ден астам лицей жабылатыны туралы хабарланған болатын.