Францияда жасанды интеллект көмегімен жазылған шығармаларға арналған әдеби сыйлық тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM- Францияда адам мен жасанды интеллект бірлесіп жазған шығармаларға арналған Prix Pascal атты жыл сайынғы әдеби сыйлық тағайындалды. Байқауға кез келген елдің авторлары қатыса алады, деп хабарлайды Deutsche Welle .

Фото: Kazinform/ИИ

Жаңа сыйлықтың тағайындалғаны туралы 21 қазанда технология саласында жұмыс істейтін үш кәсіпкер жариялады.

Сыйлық француз математигі, философ әрі жазушы Блез Паскальдың құрметіне аталған. Ол алғашқы механикалық есептеу машиналарының бірін жасаған.

Байқауға қатысушыларға қойылатын басты талап – шығарманың француз тілінде жазылуы және бұған дейін еш жерде жарияланбауы. Сонымен қатар қолжазба әлеуметтік, этикалық немесе экологиялық мәселелерді шешуге қатысты тың тәсіл ұсынуы керек.

Ұйымдастырушылар қатысушыларды әдеби формалармен тәжірибе жасауға шақырады. Атап айтқанда, шығарманың беттерін дәстүрлі ретпен орналастырудан бас тартуға және автор мен оқырман арасындағы байланысты жаңаша пайымдауға болады.

Өтініммен бірге шығарманың қалай жасалғанын егжей-тегжейлі сипаттайтын техникалық есеп ұсыну қажет. Ол басқа авторларға ұсынылған тәсілді қайталап, одан әрі дамытуға мүмкіндік беруі тиіс.

Ұйымдастырушылар шығармашылық үдерісте негізгі рөл адамға тиесілі болуы керектігін атап өтті. Қазылар алқасы автор таңдаған форманы, өзі белгілеген шектеулерді және материалды ұйымдастыру тәсілдерін бағалайды.

Сыйлықтың мақсаттарының бірі – әдеби шығармашылықты көпшілікке қолжетімді ету. Ұйымдастырушылардың пікірінше, жасанды интеллект біліміне, бос уақытының тапшылығына, тілдік кедергілерге немесе денсаулық жағдайына байланысты жазушылықпен айналысу мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектесе алады.

Өтінімдер 30 қарашаға дейін қабылданады. Іріктеу қорытындысы бойынша он финалист анықталып, жеңімпаз желтоқсанның басында жарияланады. Үздік шығарма жарық көреді, ал оның авторына ақшалай сыйлық беріледі.

Жасанды интелектіні әдебиетте пайдалану дау тудырып отыр

Жаңа сыйлық әдеби шығармашылықта жасанды интеллектіні қолдануға қатысты пікірталастар күшейген тұста тағайындалып отыр.

Мәселен, 21 қазанда Канаданың Les Éditions du Boréal баспасы гаитилік текті жазушы Телисон Орельенмен ынтымақтастығын тоқтататынын мәлімдеді.

Оның «Бұл не, не өлім» (C'était ça ou mourir) атты дебюттік романы бұған дейін француздың Fnac әдеби сыйлығына ие болған. Алайда кейін Гонкур академиясы автордың бұрынғы мәтіндерінен плагиат белгілері анықталғаны және роман жазу кезінде жасанды интеллект қолданылған болуы мүмкін деген күдікке байланысты шығарманы сыйлыққа үміткерлер тізімінен алып тастады.

Баспаның хабарлауынша, тәуелсіз сараптама кітаптың кейбір жұмыс файлдарының метадеректерінен жасанды интеллект қолданылғанын көрсететін белгілерді анықтаған. Дегенмен технологияның қаншалықты пайдаланылғанын анықтау мүмкін болмаған.

Баспа жазушымен ынтымақтастықты тоқтату туралы шешімін оған деген сенімнің жоғалуымен түсіндірді. Жазушы бұған дейін жасанды интеллект қолданғанын бірнеше рет жоққа шығарған. Сонымен қатар баспа романның қосымша таралымын шығарудан және автордың жаңа шығармаларын жариялаудан бас тартты.

Ресейде де осыған ұқсас пікірталас Максим Привезенцевтің «Сахалин шамшырақтары» (Маяки Сахалина) романы төңірегінде өрбіді. Шығарма 15 қазанда «Ясная Поляна» әдеби сыйлығының «Оқырмандар таңдауы» арнайы жүлдесін алған.

Кейбір оқырмандар романда қайталанатын сөйлем құрылымдары мен стильдік ерекшеліктерге назар аударып, оны жазу кезінде нейрондық желілер қолданылған болуы мүмкін деген болжам айтты.

Жазушы бұл болжамдарды жоққа шығарды. Оның айтуынша, роман әдеби редакциялаудың бірнеше кезеңінен өткен. Сондай-ақ авторда қолжазбаның әртүрлі нұсқалары мен редакторлармен хат алмасуы сақталған.

Привезенцев әдеби қауымдастықты шығармашылықта жасанды интеллектіні қолданудың шекарасы мен шығарманың авторлығын анықтау өлшемдерін талқылауға шақырды.

Осылайша, Prix Pascal сыйлығының пайда болуы әдебиеттегі жасанды интеллектінің рөлі және автор шығармашылығы мен машина жасаған мәтіннің ара-жігін ажырату мәселесін қайта көтеріп отыр.

Айта кетейік, биыл қазанда әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты атанған канадалық ақын әрі жазушы Энн Карсон болды. 76 жастағы Энн Карсонның жарық көрген 20-ға жуық кітабы бар. Оның шығармашылығы әдебиет сыншылары тарапынан бірнеше рет жоғары бағаланған.

Осыған дейін жасанды интеллект көмегімен жасалған икона қасиетті деп танылғаны туралы жаздық.