Бейсенбі күні жоғары сынып оқушылары мен студенттердің кәсіподақтары наразылықтың «екінші кезеңін» жариялады. Бастамашылар мектеп кіреберістерін бөгеген жекелеген акцияларды студенттермен бірлесіп, бүкіл ел көлеміндегі ұйымдасқан науқанға айналдырмақ.
Акцияны өткізуге Лицей оқушылары одағының (USL) төрағасы Рияд Рани мен Студенттер одағының (Union étudiante) бас хатшысы Элоиз Лефевр-Милон ұйытқы болды.
Парижде өткен бірлескен баспасөз мәслихатында олар 1 және 6 қазанда өтетін акцияларға барлық кәсіподақ, қауымдастық пен саяси ұйымды қатысуға шақырды.
Басты талап өзгерген жоқ: «лицейлер мен университеттерді жаппай қаржыландыру». Ал үшінші бір студенттік ұйым – UNEF жоғары оқу орындарындағы орындардың қысқаруына және APL тұрғын үй жәрдемақысының тоқтатылуына қарсылық білдіріп, студенттерді көшеге шығуға шақырды.
Өткен аптадан бері наразылыққа шыққандар мұғалім жетіспеушілігіне, сыныптардың шамадан тыс толуына, тозығы жеткен ғимараттарға және Parcoursup жүйесіне шағымданды. Сәрсенбіге қарай бұл қозғалыс 356 оқу орнын қамтыды.
Ұйымдастырушылар екінші кезеңде акция ауқымын кеңейтіп, университет студенттерін де тартуды көздеп отыр. Үкімет лицей оқушыларымен кеңесу платформасын жариялағанымен, наразылық білдірушілер қысымды жалғастырмақ.
Ал өткен тәулікте қозғалысқа қатысқан 625 адам ұсталып, қауіпсіздік күштерінің 83 қызметкері жарақат алды. Франция премьер-министрі Лекорню лицей оқушыларының наразылығын одан әрі ушықтыру «жауапсыздық» екенін ескерткен еді.
Бұған дейін Францияда оқушылардың наразылық акциясында 400-ден астам адам ұсталғаны хабарланған болатын.