«Біз негізі Батыс Қазақстан облысының жігіттеріміз. Парижде жұмыс істеп жатқанымызға 3 айға жуықтап қалды. Алайда, жұмыс орнымыз қаладан әжептәуір алыста, шамамен 50-60 шақырымдай жерде зауытта еңбек етіп жатырмыз. Бүгін, Елдос Сметов жарысқа шығатынын естіп, арнайы жұмыс орнымыздан сұранып келдік. Бекер келмеген екенбіз, Елдостің тарихи жеңісіне бірге куә болдық», - дейді қазақ азаматтары.
Сондай-ақ, жігіттер алдағы қазақ спортшыларының жарыстарына тағы да келіп, қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді.
«Біз, тек Елдосқа ғана емес, барлық қазақстандық спортшыларға, отандастарымызға қолдау көрсетуге дайынбыз. Алдағы күндері тағы да жарысқа келеміз. Жерлестерімізге барынша қолдау көрсетуге, жанкүйер болуға дайынбыз», - деді олар.
Әңгіме барысында қазақ азаматтарынан неге Парижде жұмыс істеп жатқандарын, алатын жалақы мөлшерін де сұрап қалдық.
«Біз Қазақстанда үш ай жұмыс жасағандағы табатын ақшамызды осында бір айда тауып жүрміз. Қазіргі жұмысымыз өзімізге ұнайды. Үш ай көлемінде елге бір барып тұрамыз», - деді жігіттер.
Естеріңізге сала кетейік, Олимпиаданың алғашқы күні қазақстандық спортшылар ел қоржынына 1 алтын, 1 қола медаль салды.