Францияда жүздеген мектеп наразылыққа байланысты жабық қалады

АСТАНА. KAZINFORM — Сейсенбіде оқушылар, студенттер мен мұғалімдер жалпыұлттық наразылықтың жаңа кезеңін өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Еuronews.

Фото: Report

Дүйсенбіде Францияда 400-ден астам мектеп жабық болады. Үкімет өкілдері жоғары сынып оқушыларының жаппай наразылығына байланысты оқу орындарында тиісті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ету мүмкін емес екенін мәлімдеді. Бұған қоса, өткен аптада тәртіпсіздіктер салдарынан жиырмадан астам мектеп өртеніп, тоналған.

Наразылықтар басталған өткен дүйсенбіден бері үкіметтің мәліметінше, 170 оқушы мен білім беру жүйесінің 78 қызметкері жарақат алған. 5 мыңнан астам адам ұсталды, олардың басым бөлігі — кәмелетке толмағандар.

Француз лицейлерінің жоғары сынып оқушылары мектеп білім беру жүйесіндегі мәселелерге, ең алдымен, қаржыландырудың қысқаруына наразылық білдіріп жатыр. Олардың айтуынша, бұл мұғалім тапшылығына, оқу күнінің ұзаруына, сыныптардың қажетті құрал-жабдықтармен жеткілікті қамтылмауына және оқу ғимараттарының санитарлық жағдайының нашарлауына алып келген.

Наразылықтар Париж маңындағы елді мекендерде басталып, солшыл радикалды саяси күштердің ашық қолдауымен бүкіл елге тез тарады. Кей жерлерде акциялар тәртіпсіздікке ұласып, полиция күш қолдануға мәжбүр болды. Ішкі істер министрлігі тәртіпсіздіктерге экстремистік топтар арандатушылық жасағанын айтып отыр.

Сейсенбіге жаңа ірі наразылық акциялары жоспарланған. Оған мұғалімдер кәсіподақтары мен студенттер де қатысады деп күтілуде. Олар енді өздерінің пікірінше, құқық қорғау органдарының шамадан тыс әрекеттеріне де қарсылық білдірмек.

Бұдан бұрын өткен сенбіге қараған түні Францияның солтүстік-шығысындағы Мец қаласының Саблон ауданында орналасқан Франсуа Рабле колледжінде өрт шыққанын жазғанбыз.