Аптап ыстық салдарынан елде кемінде 18 адамның қаза тапқаны расталды. Сонымен қатар 18 маусымнан бері кемінде 40 адам суға кеткен.
Бейсенбі күні тоқтатылған реакторлар Париждің солтүстігіндегі Сена өзені жағасында орналасқан Ножан-сюр-Сен атом электр стансасында және елдің оңтүстік-шығысындағы Лион қаласына жақын Рона өзеніндегі Бюже АЭС-інде орналасқан. Екі жағдайда да реакторлардың тоқтатылуына өзен суының температурасының көтерілуі себеп болды. Заң бойынша EDF су экожүйесіне зиян келтіруі мүмкін жылы суды өзенге ағызбау үшін оның температурасын тұрақты бақылауға міндетті.
Атом электр стансалары реакторларды салқындату үшін өзен суын пайдаланады. Кейін су өзенге қайта жіберіледі. Әдетте оның температурасы алынған кездегіден бірнеше ондық градусқа немесе бірнеше градусқа жоғары болады. Қатты ыстық кезінде өзен суының өзі қатты жылынатындықтан, операторлар заңда белгіленген температуралық шектен аспау үшін электр энергиясын өндіру көлемін азайтуға немесе реакторларды уақытша тоқтатуға мәжбүр.
Осы аптада Ножан-сюр-Сен АЭС-і өз реакторларының бірінің қуатын қысқартns.
– Бұл Сена өзенінен алынатын және қайта ағызылатын су арасындағы температура айырмасын азайтып, су флорасы мен фаунасын қорғау үшін жасалды, – деп хабарлады EDF.
Дүйсенбі күні Францияның оңтүстік-батысындағы Гаронна өзенінде орналасқан Гольфеш атом электр стансасының бір реакторы да тоқтатылды. Сонымен қатар EDF-тің 57 реактордан тұратын атом электр стансаларының бірқатарында қуат төмендетілді. Өткен жылы осы стансалар Франциядағы электр энергиясының шамамен 70 пайызын өндірген.
Соған қарамастан Францияның электр энергетикалық жүйесінің операторы RTE сәрсенбі күні:
– Францияда жекелеген нысандар тоқтатылған жағдайда да электр энергиясына деген сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткілікті өндірістік қуат бар, – деп мәлімдеді.
Францияның 96 департаментінің жартысынан астамында өмірге қауіп төндіретін ең жоғары – қызыл деңгейдегі қауіп жарияланды. Билік тұрғындарды тікелей күн сәулесінен сақтануға және аптап күшейген сайын «барынша қырағылық танытуға» шақырды.
Météo-France мәліметінше, 23 маусым, сейсенбі күні 1947 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан метеобақылаулар тарихындағы ең ыстық күн ретінде тіркелді.
Ғалымдар жағдайдың алдағы уақытта күрделене түсетінін ескертеді. Жаңа ауқымды зерттеуге сәйкес, Еуропаның жекелеген өңірлерінде аптап ыстық 1970 жылдармен салыстырғанда жыл сайын 40 күнге дейін ұзаққа созылады.
Еске сала кетсек, аптап ыстық салдарынан Эйфель мұнарасы уақытша жабылды.