Франциядағы барлық лицейде ұялы телефон қолдануға тыйым салынуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Франциядағы барлық лицейде ұялы телефон пайдалануға жаңа оқу жылынан бастап тыйым салынуы мүмкін. Ел президенті Эмманюэль Макрон осы шараны көздейтін заңды жариялауға шешім қабылдады, деп хабарлайды Euronews.

Фото: reporteri.net

Үкіметтің ресми өкілі Мод Брежон дүйсенбіде президенттің заңды жариялау туралы шешімін растады. Оның айтуынша, лицейлерде ұялы телефон қолдануға тыйым салу Конституциялық кеңестен мақұлданған.

Сонымен қатар телефонды оқу мақсатында пайдалануға, белгілі бір әкімшілік қажеттіліктерді шешуге және лицейлерде іске асырылатын кейбір бағдарламаларда, соның ішінде жоғары оқу орнына түсуге дайындық курстарында қолдануға рұқсат беретін ерекшеліктер қарастырылады.

Алайда бұл шара 15 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуды қамтымайды. Аталған бастама осы айдың басында Конституциялық кеңес тарапынан қабылданбаған.

Премьер-министр Себастьян Лекорню құжат қайта қаралатынын және жаңа нұсқада елдің жоғары заң органы білдірген ескертулер ескерілетінін мәлімдеді. 

Айта кетелік Жаңа Зеландияда 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салынбақ