Франциядағы ең ірі АЭС медузалар кесірінен жұмысын тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM – Францияның солтүстігінде медузалардың көбеюіне байланысты Батыс Еуропадағы ең ірі атом электр станциясы жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды DW ақпарат агенттігі. 

Фото: la-croix.com

Француз электр станциясының операторы Électricité de France (EDF) мәлімдемесіне сәйкес, «Гравлин» АЭС «сорғы станцияларының сүзгі барабандарына медузалардың жаппай және күтпеген шабуылына» байланысты жабылды.

АЭС салқындату жүйесіндегі сорғылардың бітелуі төрт реактордың автоматты түрде сөндірілуіне әкелді, қалған екі энергоблокта техникалық қызмет көрсету жүргізіліп жатыр. 

Зақымдалған сүзгілер АЭС ядролық бөлігінен тыс жерде орналасқан. Сондықтан оқиға «нысандардың, қызметкерлердің немесе қоршаған ортаның қауіпсіздігіне әсер еткен жоқ». Зақымдалған сүзгілер АЭС ядролық бөлігінен тыс жерде орналасқан.

«Гравлинә АЭС Кале қаласына жақын жерде орналасқан және әрқайсысының қуаты 900 МВт алты реакторды қамтиды. 2040 жылға қарай қуаттылығы 1600 МВт болатын тағы екі реактор салу жоспарланып отыр. 

Électricité de France өкілдері реакторлардың жұмысын 14 тамызда қайта бастайды деп шамаланып отырғанын хабарлады. Олар сондай-ақ француз электр жүйесінде электр қуатының «тапшылық қаупі жоқ» екенін қосып өтті. 

Ядролық реакторларды медузалардың шабуылына байланысты тоқтату – сирек жағдай. Бұл Францияда соңғы рет 1990 жылдары болған. Осыған ұқсас оқиғалар 2010 жылдары АҚШ, Шотландия, Швеция және Жапонияда орын алды. Соңғы онжылдықтарда мұхиттардың жылынуы және теңіз экожүйелеріндегі қоректік тізбектерді бұзатын шамадан тыс балық аулау салдарынан медузалар саны артып келеді.

Бұған дейін Швейцария аптап ыстық салдарынан атом электр станциясын уақытша жауып тастағанын жазған болатынбыз.