Франциядағы Фонтенбло орманының 10%-ы өрттен жойылды

АСТАНА. KAZINFORM – Франция президенті Эмманюэль Макрон Париждің «жасыл өкпесі» саналатын Фонтенбло орманының 10 пайызы өрт салдарынан күлге айналғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Анадолы .

Фото: Анадолу

Макрон Парижден 60 шақырым жерде орналасқан Фонтенбло орманына барып, өртті сөндіру жұмыстарына қатысып жатқан өрт сөндірушілермен кездесті.

Оқиға орнында сөйлеген сөзінде Франция президенті елде биыл Екінші дүниежүзілік соғыстан бері мұндай ауқымды орман өрттері болмағанын айтты.

Өрт сөндірушілерге қолдау білдірген Макрон орман өрттеріне кінәлі адамдарға ешқандай кешірім болмайтынын атап өтті.

Оның айтуынша, Франция дағдарыс туындауын күтпей-ақ орман өрттерімен күреске арналған техниканы жаңартуға инвестиция салған. Қазіргі уақытта өртті сөндіруге қосымша 70 тікұшақ пен ұшақ пайдалануға дайын.

Президенттің мәліметінше, Фонтенбло орманындағы өрт салдарынан шамамен 2 мың гектар аумақ жанып кеткен. Бұл орманның жалпы аумағының 10 пайызына тең. Сондай-ақ ол орман өрттері маусымы әлі алда екенін айтып, жаз мезгілі ауыр болатынын ескертті.

Le Parisien газетінің хабарлауынша, Фонтенбло орманының бірнеше жерінде өрт қойды деген күдікпен 18 жастағы екі жас 15 шілде күні кешке ұсталған. Оларға қасақана өрт қою арқылы мүлікке зиян келтірді деген айып тағылған.

Тергеу барысында күдіктілердің бірі, ерікті өрт сөндіруші екені белгілі болған жас жігіт, бұрынғы жауабын өзгертіп, судьяға Арбон-ла-Форе елді мекенінде шырпы мен бензиннің көмегімен бұталарды өзі өртегенін мойындаған.

Екінші күдікті Фонтенблодағы ат спорты стадионы аумағына темекі тұқылын тастап, өртті абайсызда шығарғанын айтқан.

Фонтенбло орманындағы өрт 12 шілдеде басталған. 

Айта кетелік Францияда орманды қасақана өртеді деген күдікпен 32 адам ұсталған еді