Полиция мен жергілікті басылымдардың мәліметінше, алдымен колледж қызметкерлерінің екі-үш көлігі, оның ішінде комендант пен басшылықтың көліктері өртенген. Сонымен қатар оқу орнының қақпасы мен қабырғалары зақымдалған.
Оқиға орнына онға жуық өрт сөндіру тобы жіберілді. Сағат 23:30-ға қарай өрт толық сөндірілді.
Мец прокуратурасы адам өміріне қауіп төндіретін тәсілмен бөтеннің мүлкін жою фактісі бойынша тергеу бастады. BFMTV мәліметінше, прокурор қасақана өртеу нұсқасын басым бағыт ретінде қарастырып отыр.
Прокурор өрттің соңғы бір аптадағы француз лицей оқушыларының наразылық акцияларымен байланысын растаған жоқ, бірақ жоққа да шығармады.
Ал Мец қаласының мэрі Франсуа Гросдидье бұл екі оқиғаның арасында байланыс бар екенін алға тартты. Оның айтуынша, «белгілі бір адамдар бұл оқу орнын өртеу үшін келген». Ол бұған дейін Монтиньи-ле-Мец қаласындағы Леонардо да Винчи лицейінің маңында өрт болғанын еске салып, сот пен биліктің қатаң шара қолдануы қажет екенін айтты.
Колледждің иесі саналатын Мозель департаментінің кеңесі оқу орнын дүйсенбі күні ашуды жоспарлап отыр. Алайда зақымданған ғимараттар әзірге пайдаланылмайды. Департамент президенті Патрик Вайтеннің айтуынша, тиісті қызметтер аумақты қауіпсіздендіріп қойған, сондықтан сабақтар зардап шеккен бөлмелерден басқа жерлерде қайта жалғасады.
Ал қала мэрі оқу орнының толыққанды жұмысы ұзақ уақытқа тоқтауы мүмкін деп қауіптенеді. Өйткені колледждегі жалғыз санитарлық торап өртеніп кеткен. Қалыпты жұмыс істеу үшін электр желісі мен дәретханаларды қалпына келтіру қажет.
Францияда лицей оқушыларының наразылық акциялары 17-21 қыркүйек аралығында Кретей академиясында басталып, кейін басқа өңірлерге де тарады. Наразылық білдірушілердің басым бөлігі 15-18 жастағы оқушылар. Олар мұғалімдер жетіспеушілігін жоюды, сыныптардағы оқушы санын азайтуды, ғимараттарды жөндеуді және оқу жүктемесін жеңілдетуді талап етіп отыр. Бұл талаптардың қатарында жоғары оқу орнына түсуге арналған Parcoursup жүйесіне қатысты мәселелер де бар.
Лицей оқушыларының USL одағы мен студенттердің Union étudiante кәсіподағы 1 қазанда наразылық қозғалысының «екінші кезеңін» жариялап, акцияларды 6 қазанда жалғастыруға шақырды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 1 қазанға дейін наразылық қозғалысына 356 оқу орны қатысты. Бір тәулікте 625 адам ұсталып, құқық қорғау органдарының 83 қызметкері жарақат алған. Наразылық акцияларына студенттер де қосылды. Union étudiante ұйымының мәліметінше, шамамен 30 кампуста наразылық өткен. Нант пен Руан қалаларында мектептердің кіреберісінде өрт шыққаны хабарланды.
Премьер-министр Себастьян Лекорню ведомствоаралық дағдарыс штабын шақырып, наразылықтың өршуін жауапсыздық деп атады. Ал Ұлттық білім министрі Эдуар Жеффре бұл қозғалысты агрессивті топтар өз мүддесіне пайдаланып отыр деп мәлімдеді.
Бұған дейін Kazinform француз мектеп оқушыларының наразылық толқыны көрші Бельгияға да тарағанын хабарлаған. 1 қазанда Льеж қаласы мен оның маңындағы бірқатар мектеп бұғатталып, кей жерлерде қоқыс контейнерлері өртеніп, ғимараттардың қасбеттері зақымдалған.
Франциядағы оқушылар наразылығы аясында 5000-нан астам адам ұсталғаны хабарланды.