Франциядағы оқушылар көтерген мәселе неге саяси сипат алды

АСТАНА. KAZINFORM — Францияда білім беру жүйесіндегі мәселелерге қатысты басталған оқушылар наразылығы жаппай шеруге ұласты. Қазірге кезде акцияларға студенттер мен мұғалімдер де қосылды. Полициямен қақтығыстар болып, жүздеген адам ұсталды. Наразылықтың күшеюі үкіметті оқушылардың талаптарын қарастыруға мәжбүр етті.

Фото: ЖИ

Бұл оқиғалар Францияда 2027 жылы өтетін президент сайлауы қарсаңында болып жатыр. Сондықтан мектептегі мәселелер біртіндеп саяси сипат ала бастады. Оқушылардың наразылығына не себеп болды? Францияның білім беру жүйесінде қандай түйткілдер бар? Жастардың талабы елдегі саяси жағдайға қалай әсер етуі мүмкін? Осы сықылды сауалдарға жауап іздеп көрейік.

Наразылық неден басталды

Наразылық 17 қыркүйекте Париж маңындағы Кретей қаласында орналасқан Saint-Exupéry лицейінен басталды. Оқушылар білім алу жағдайы мен сабақ кестесіне көңілі толмайтынын білдірді. Кейіннен Францияның өзге қалаларына да тарап кетті. Le Monde басылымының мәліметінше, 1 қазанға қарай наразылық мыңнан астам лицейді қамтыған. Бұл — елдегі лицейлердің шамамен төрттен бірі.
Оқушылардың басты шағымы — мұғалімдердің жетіспеуі, сабақ кестесінің ауырлығы, мектеп ғимараттарының ескіруі және университетке түсу кезіндегі қиындықтар. Әсіресе оқу күнінің ұзақтығы көпшіліктің наразылығын туғызған. Францияның кей лицейлерінде сабақ таңғы сегізде басталып, кешкі алтыға дейін созылады. Оқушылар мұндай кестемен демалуға, үй тапсырмасын орындауға уақыт қалмайтынын айтып отыр.

Фото: apnews.com

Associated Press агенттігіне сұхбат берген париждік оқушы Жанна Тахаридің айтуынша, ересектер балалардан күні бойы мектепте отыруды талап етеді, бірақ мұның олардың психологиялық жағдайына қалай әсер ететінін ескере бермейді. Аталған агенттіктің мәліметінше, 6 қазанда Франция бойынша өткен демонстрацияларға 266 мыңнан астам адам қатысқан. Оның шамамен 56 мыңы Парижде көшеге шықты.
Акциялар Париж, Лилль, Марсель, Страсбург, Нант және басқа қалаларда өтті. Кейбір оқу орындарының жұмысы тоқтап, демонстранттар мен полиция арасында қақтығыстар болды. Бір күннің ішінде 500-ге жуық адам ұсталды.

Наразылық қалай бүкіл елге тарап кетті

Наразылықтың кеңеюіне оқушылар ұйымдарының бірлесіп әрекет етуі де ықпал етті. 5 қазанда бірнеше студенттік және оқушылар бірлестігі жастардың жағдайын жақсартуға бағытталған он шұғыл шараны ұсынды.

Фото: apnews.com

Бірақ толқудың күшеюіне тек білім беру мәселелері себеп болған жоқ. Полицияның демонстранттарға қарсы әрекеті де қоғамда үлкен пікірталас туғызды. Қазан айының басында Ланс қаласында 15 жастағы жасөспірім полиция қолданған гранатадан ауыр жарақат алды. Бұл оқиғадан кейін құқық қорғау органдарының әрекетіне қатысты сын күшейді.

Мұғалімдер мен ата-аналардың бір бөлігі оқушыларды қолдау үшін ғана емес, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында да акцияларға қатыса бастады. Осылайша, Франция үкіметінің алдында бірден екі мәселе тұрды. Біріншісі — мектеп оқушыларының талаптарына жауап беру. Екіншісі — наразылық кезінде полицияның күш қолдануына байланысты туындаған сұрақтарға түсініктеме беру.
Бастапқыда білім беру саласына қатысты болған мәселенің саяси сипат алуына осы жағдайлар да әсер етіп отыр.

Фото: Pexels

Үкімет оқушылардың талаптарын орындай ма

Сарапшылардың сөзінше, Франциядағы наразылық елдің бюджетіне түсетін салмақ күшейген кезеңге тұспа-тұс келді. Үкімет мемлекеттік шығындарды қысқартуға тырысып жатқанда, оқушылар мен мұғалімдер білім саласына көбірек қаржы бөлуді талап етіп отыр.
Reuters агенттігінің 3 қазандағы мәліметінше, 2027 жылға арналған бюджет жобасында білім беру шығындарын 1,7 пайызға арттыру көзделген. Бірақ бұл болжанған инфляция деңгейінен төмен. Осылайша, бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі артқанымен, инфляцияны ескергенде оның нақты құны төмендеуі мүмкін.

Бұл әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен аудандардағы мектептер үшін маңызды. Мысалы, Париждің солтүстік-шығысында орналасқан Сен-Сен-Дени департаментінде оқушылар мектеп ғимараттарының тозғанына, сыныптардың толып кеткеніне және мұғалімдердің жетіспейтініне шағымданады.

Фото: apnews.com

Сарапшылар мұндай жағдайда барлық мектепке бірдей қаржы бөлу жеткіліксіз болуы мүмкін екенін айтады. Өйткені кей оқу орындарына ғимаратты жөндеу қажет болса, басқаларына қосымша мұғалім керек.

Францияның білім министрі Эдуар Жеффре жағдайдың күрделі екенін мойындағанымен, наразылық кезіндегі тәртіпсіздіктерді де сынға алды. Ал премьер-министр Себастьен Лекорню оқушылардың негізгі талаптарын қарастыруға дайын екенін білдірді. Үкімет мұғалімдерді алмастыру тәртібін жақсарту, оқу күнінің ұзақтығын қайта қарау, түскі үзілісті көбейту және мектеп ғимараттарын жөндеу мәселелерін зерделемек.

Алғашқы ұсыныстар қазан айының соңына дейін әзірленуі тиіс. Дегенмен бұл шаралардың қаншалықты жүзеге асатыны әзірге белгісіз. Себебі оқушылардың талаптарын орындау қосымша қаражатты қажет етуі мүмкін, ал үкімет бюджет шығындарын шектеуге мәжбүр.

Президент сайлауына әсер етуі мүмкін бе

Сарапшылар Франциядағы қазіргі оқиғалардың саяси маңызын 2027 жылғы президент сайлауымен де байланыстырады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Эмманюэль Макрон үшінші рет қатарынан президенттікке түсе алмайды. Сондықтан алдағы сайлау елдің саяси бағытын айқындайтын маңызды кезең болмақ.

Осы уақытта білім беру, халықтың тұрмыс жағдайы, мемлекеттік шығындар мен қоғамдық қауіпсіздік мәселелері саяси партиялардың назарында тұр. Мектеп оқушыларының наразылығы да осы пікірталастың бір бөлігіне айналды.

Фото: Pexels

Мәселен, солшыл «Бағынбайтын Франция» қозғалысының жетекшісі Жан-Люк Меланшон полицияның демонстранттарға қарсы әрекетін сынға алды. Ал билік өкілдері радикалды солшылдарды оқушылардың наразылығын саяси мақсатта пайдалануға тырысты деп айыптады. Оңшыл саяси күштер, керісінше, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік мәселесіне көбірек назар аударып отыр. Осылайша, бір наразылықтың өзіне саяси күштер әртүрлі баға беруде. Бір тарап үшін басты мәселе — жастардың сапалы білім алу құқығы болса, екінші тарап үшін қоғамдық тәртіп пен заңның сақталуы маңызды.

Бірақ сарапшылар жастардың наразылығын тек саяси партиялардың күресімен түсіндіру де дұрыс емес екенін айтады. Мәселен, Le Monde басылымына пікір білдірген әлеуметтік қозғалыстар тарихшысы Стефан Сироның айтуынша, қазіргі жастарды мектептегі жағдайдан бөлек, болашаққа қатысты көптеген мәселе алаңдатады. Олардың қатарында экономикалық өсімнің баяулауы, климаттың өзгеруі, жасанды интеллектінің еңбек нарығына ықпалы, халықаралық қақтығыстар және елдің саяси болашағына қатысты белгісіздік бар.

Фото: apnews.com

Бұл мәселелер бір-бірімен байланысты. Мектеп бітіретін жасөспірім үшін сапалы білім алу — болашақта жақсы жұмыс табудың маңызды шарттарының бірі. Ал білім беру жүйесіне сенім азайса, оның ертеңгі күнге деген сенімі де әлсіреуі мүмкін. Сондықтан мектептегі мәселелер жастардың мемлекетке және саяси институттарға деген көзқарасына да әсер етеді.

Наразылық немен аяқталуы мүмкін

Қазан айының алғашқы аптасында Франция үкіметі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бірнеше қадам жасады. Премьер-министр оқушылардың талаптары бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды. Сонымен қатар 7 қазанда билік демонстрациялар кезінде полиция қолданатын кейбір гранаталарды пайдалануды уақытша тоқтатты.

Reuters мәліметінше, полиция әрекетіне қатысты 18 оқиға бойынша тергеу басталған.

Фото: apnews.com

Білім министрі Эдуар Жеффренің айтуынша, наразылық пен тәртіпсіздіктер кезінде 24 оқу орны айтарлықтай зақымданған, яғни өртке оранған. Енді шамамен 30 мың оқушы қашықтан білім алады. Оның мәліметінше, ғимараттарды қалпына келтіруге 22–34 миллион доллар қажет болуы мүмкін.

Қоғамның наразылыққа көзқарасы да біркелкі емес. Reuters келтірген Elable сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 72 пайызы оқушылардың талаптарын қолдаған. Бірақ олардың 55 пайызы наразылық акцияларын тоқтату керек деп есептейді. Бұл деректер француз қоғамындағы қайшылықты көрсетеді. Азаматтардың бір бөлігі мектептегі мәселелерді шешу қажеттігін мойындағанымен, шерулердің тәртіпсіздікке ұласқанын қаламайды. Енді бәрі үкімет қабылдайтын шаралардың оқушылар талабына қаншалықты жауап беретініне байланысты.

Франциядағы жағдай Еуропаның басқа елдеріндегі білім беру мәселелеріне де әсер етіп жатыр. Мәселен, 7 қазанда Бельгияның Льеж қаласында жүздеген студент оқу шығындарының өсуіне және аудиториялардың толып кетуіне қарсы наразылық білдірді. Бұл білім сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі тек Францияға ғана тән емес екенін көрсетіп отыр. Дегенмен Франциядағы жағдайдың өз ерекшелігі бар. Мұнда мектеп оқушыларының талаптары президент сайлауы алдындағы саяси пікірталаспен қатар жүріп жатыр. Наразылықтың қалай аяқталатыны әзірге белгісіз. Үкімет оқушылардың талаптарын ішінара орындауы, қосымша қаржы бөлуі немесе келіссөздерді жалғастыруы мүмкін дейді сарапшылар.

Фото: rtbf.be

Бірақ қазіргі оқиғалар бір мәселені анық көрсетті: мектептегі жағдай тек білім министрлігінің жұмысына қатысты мәселе емес. Ол жастардың болашағына, әлеуметтік теңдікке және мемлекеттік институттарға деген сенімге тікелей байланысты. Сондықтан Франция билігі үшін басты міндет тек наразылықты тоқтату емес, оның туындауына себеп болған мәселелерді шешу болып отыр. Ал 2027 жылғы президент сайлауы жақындаған сайын жастардың мемлекеттен не күтетіні туралы сұрақтың саяси маңызы арта түсуі мүмкін.