Франциядағы оқушылардың наразылығы жүздеген мектептің жұмысына кедергі келтірді

АСТАНА. KAZINFORM — Францияда жоғары сынып оқушыларының сыныптардың шамадан тыс толуына, оқу жүктемесінің жоғары болуына және мұғалімдердің жетіспеушілігіне қарсы наразылық акциялары жалғасып жатыр. Наразылық барысында 164 адам ұсталды, деп хабарлайды BBC .

Фото: Anadolu

Франция Ішкі істер министрі Лоран Нуньестің мәліметінше, наразылық акциялары шамамен 180 мектепті қамтыды. 12 қауіпсіздік қызметкері, 12 оқушы және үш білім беру ұйымының қызметкері зардап шекті.

Наразылықтар өткен аптада Иль-де-Франс өңірінде басталып, кейін елдің басқа аймақтарына, соның ішінде Лилль, Марсель және Седан қалаларына таралды.

Бірқатар қалада наразылық акциялары білім беру мекемелерін бұғаттаумен, қоқыс өртеумен және полициямен қақтығыстармен қатар жүрді.

Франция Премьер-министрі Себастьен Лекорню лицейлер маңындағы зорлық-зомбылық оқушыларға, қызметкерлерге және полиция қызметкерлеріне қауіп төндіретінін айтты.

Франциялық жоғары сынып оқушыларының «Лицей оқушыларының кәсіподақтық одағы» (Union Syndicale Lyceenne) мемлекеттік қызметкерлердің ереуілдері аясында мектептерді жалпыұлттық деңгейде бұғаттауға шақырды.

Бұған дейін Францияның мемлекеттік қарызы елге қауіп төндіруі мүмкін екендігі туралы жазған едік.