Франциядағы оқушылардың жаппай наразылығына байланысты Макрон шұғыл кеңес өткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Франция президенті Эмманюэль Макрон 6 қазан кешке Елисей сарайында лицей оқушыларының наразылығына байланысты жедел кеңес өткізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі BFMTV телеарнасына сілтеме жасап.

Фото: Anadolu

Кездесуге премьер-министр Себастьен Лекорню, Ішкі істер министрі Лоран Нуньес және Ұлттық білім министрі Эдуар Жеффре қатысты.

Елисей сарайының хабарлауынша, мұндай кеңестер наразылық қозғалысы басталған қыркүйек айының ортасынан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Кеңес наразылық қозғалысының «үшінші кезеңімен» тұспа-тұс келді. Сейсенбі күні лицей оқушылары, мұғалімдер мен кәсіподақ өкілдері ондаған қалада көшеге шықты.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ел бойынша наразылық шараларына 256 мың адам қатысқан. Оның шамамен 56 мыңы Парижде болған.

Ал наразылықты ұйымдастырушылардың, соның ішінде Лицей оқушылары одағы USL мен Union étudiante ұйымының мәліметінше, шеруге 450 мың адам қатысқан. Оның шамамен 100 мыңы ел астанасында болған.

Білім министрлігінің мәліметінше, шамамен 3700 лицейдің 891-інде сабақтар толық немесе ішінара тоқтатылған. Лицей оқушыларының кәсіподағы бұл жағдай шамамен 1800 оқу орнына әсер еткенін мәлімдеді. Париж, Лион, Страсбург, Ренн және Марсель қалаларында оқу орындарының кіреберістері бөгеліп, баррикадалар қойылған және полициямен қақтығыстар болған. Құқық қорғау органдары көзден жас ағызатын газ қолданды.

Наразылық қозғалысы 17–21 қыркүйекте Париж маңындағы Кретей қаласындағы Сент-Экзюпери лицейінде басталып, көп ұзамай Иль-де-Франс өңірінен тыс жерлерге де тарады. 15–18 жастағы оқушылар мұғалім жетіспеушілігін шешуді, сыныптардағы оқушы санын азайтуды, ғимараттарды жөндеуді, оқу күнін қысқартуды және жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесі — Parcoursup-ты қайта қарауды талап етіп отыр.

Биліктің мәліметінше, наразылық басталғалы бері мыңдаған адам ұсталған, олардың басым бөлігі — кәмелетке толмағандар. Жүздеген полиция қызметкері мен оқушы жарақат алған. Дүйсенбі күні Францияның солтүстігінде 15 жастағы жасөспірім полиция қолданған арнайы гранатаны көтерген кезде қолынан айырылды.

Ұлттық ассамблеяда Лекорню «саяси тапсырыспен қуғын-сүргін жүргізіліп жатыр» деген айыпты жоққа шығарып, мұндай әңгімелерді «өтірік» деп атады. Премьер-министр аптаның соңында лицейлерде сабақтарды тоқтатып, «ішкі демократия уақытын» өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұған дейін Білім министрлігі лицей оқушылары шағымдарын жасырын түрде жолдай алатын онлайн платформа іске қосқан болатын. Кәсіподақ жетекшілері бұл шараларды жеткіліксіз деп бағалады.

Наразылықтар қатаң бюджет жобасын әзірлеу және 2027 жылғы президент сайлауына бірнеше ай қалғанда өтіп жатыр. Макронның екінші президенттік мерзімі аяқталып келеді, сондықтан ол сайлауға қайта түсе алмайды.

Бұған дейін Kazinform Франциядағы лицей оқушыларының наразылығы жүздеген мектептің жұмысына кедергі келтіріп, көрші Бельгияға да тарағанын хабарлаған. Сондай-ақ наразылық кезінде кемінде 190 оқушы жарақат алғаны туралы жазған болатын.