Франциядағы орман өртінен 20 мың адам эвакуацияланды

АСТАНА. KAZINFORM – Франция, Италия және Испанияда орман өрттері әлі де өршіп тұр. Осы аптада Францияда екі өрт сөндіруші, Италияда тағы бір өрт сөндіруші қаза тапты. Францияның оңтүстік-батысында 20 мыңнан астам адамды эвакуациялауға тура келді. Бұл туралы ВВС жазды.

Фото: Анадолы

Францияның оңтүстік-батысындағы Аквитания өңіріне кіретін Жиронда департаментінің билігі өрттің 2 мың гектар жерді шарпығанын мәлімдеді. Бордо маңындағы жағалауда орналасқан Ле-Порж коммунасы ең көп зардап шекті. Куәгерлердің айтуынша, Ле-Порж аспаны қызғылт сары түске боялған.

– Түс ауа аспанға жайылған алып қара түтінді көрдік, – деді сәрсенбі күні Бордодан демалуға келген Жюли Леонар AFP агенттігіне.

Ле-Порж мэрі Марсьяль Занинетти өрт орман жолдарын тазалап жүрген техниканың кесірінен шығуы мүмкін екенін айтты. Алайда бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Өңірде қауіптің қызыл деңгейі сақталып отыр. Орманды ашық аумақтардағы кейбір демалыс орындары жабылды. Соңғы екі күнде өртке байланысты Бордо маңынан 20 мыңнан астам адам эвакуацияланды. AFP мәліметінше, олардың басым бөлігі – туристер.

– Біз өте қалың өскен қарағайлы орманмен күресіп жатырмыз, – деп түсіндірді өрттің қарқындылығын өрт сөндіру қызметінің капитаны Вильфрид Шнайдер AFP агенттігіне.

Францияның орманды өңірлерінде электр қозғалтқышы және іштен жану қозғалтқышы бар көліктерді пайдалануға тыйым салынды. Бірқатар жол жабылды.

Сейсенбі күні Бордо-Мериньяк әуежайы маңындағы ғимараттардың бірінде шыққан өртті сөндіру кезінде екі өрт сөндіруші қаза тапты.

Еске сала кетсек, кеше ғана Франциядағы өртке байланысты 5 мыңға жуық адам эвакуацияланғанын жаздық.