Франциядағы орман өрттері қауіпті «от бұлттарының» туындауына себеп болды

АСТАНА. KAZINFORM – Франциядағы алапат орман өрттерімен күресіп жатқан мамандар жаңа қауіп-қатерге тап болды. Өрт салдарынан алып «от бұлттары» пайда болып, олар өздігінен ауа ағындарын қалыптастырып, тіпті жаңа өрт ошақтарының шығуына себеп болуы мүмкін найзағай тудырып жатыр, деп хабарлайды France 24 телеарнасы.

Фото: SDIS33/EPA/MAXPPP

«От бұлттары» өрт ошағының үстіндегі ауаның қатты қызуынан пайда болады. Соның салдарынан олар қуатты найзағайлы бұлттарға айналады.

Мұндай бұлттар күшті жел мен төмен бағытталған ауа ағындарын қалыптастырады. Бұл өз кезегінде өрттің одан әрі тез таралуына ықпал етеді.

Ғалымдардың пікірінше, мұндай құбылыс – адам әрекетінен туындаған климаттың өзгеруінің кезекті салдарының бірі.

Франция премьер-министрі Себастьян Лекорню де осындай пікір білдіріп, орман өрттерінің 10-ының тоғызы адамның іс-әрекетінен орын алатынын, бұл ретте олардың көпшілігі немқұрайлылық, мысалы, тасталған темекі тұқылдары, мангалдар немесе тиісті қауіпсіздік шараларынсыз жүргізілген құрылыс жұмыстары салдарынан болатынын атап өтті.

Лекорнюдің айтуынша, 6 шілдеден бері Францияда орман өртеді деген күдікке ілінген 162 адам қамауға алынды.

- Еліміз бұрын-соңды болмаған өрт маусымын бастан кешіп отыр: 116 085 гектар жер өртеніп кетті, қаңтардан бері 13 566 өрт тіркелді. Біз өрттен рекорд орнатқан 2022 жылды басып оздық, - деп жазды премьер-министр Х желісінде.

Осы арада Франция президенті Эмманюэль Макрон Францияның оңтүстік-батысындағы өрт сөндіру бойынша ауқымды операцияны үйлестіру орталығына барды.

- Біз бұрын-соңды болмаған өртпен бетпе-бет келіп отырмыз, - деді Макрон.

Ол бұл жағдайды Франциядағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен бері ең ауыр өрт дағдарысы деп атады.

Оның атап өтуінше, Парижден төрт есе үлкен аумақты шарпыған өрт болжанбайтын болып шықты және шамамен 220 мың адамды эвакуациялауға мәжбүр етті.

- Алдағы апталар қиын болады. Төзім танытуымыз керек, - деді Макрон.

Испаниядағы жағдай да күрделі болды. Мадридтен батысқа қарай орман өрттері бақылаудан шығып, 100 мыңнан астам адамды үйлерінен кетуге мәжбүр етті.

Испанияның Ұлттық метеорологиялық қызметі осындай күн райы «кем дегенде» жексенбіге дейін жалғасатынын болжап, өрт сөндірушілер ел тарихындағы ең ірі өрттермен күресуді жалғастырып жатқандықтан «экстремалды» өрт қаупі туралы ескертті.

Соңғы аптада орман өрттері еуропалық бірнеше елді шарпыды, ең ауыр жағдай Франция мен Испанияда байқалған. Қауіпті аймақтардан барлығы 300 мыңнан астам адам эвакуацияланды.