Франциядағы рекордтық ыстық: мектептерде сабақ уақытша тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Францияда күннің қатты ыстық болуына байланысты кейбір мектептерде сабақ уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Анадолы .

Фото: Anadolu

Франция метеобақылау тарихында 1900 жылдан бері болмаған ең ыстық жазды бастан өткерді. Елдің экология министрі Моник Барбю осы деректі мәлімдеді.

Барбю Париж маңындағы Сен-Манде қаласында өткен баспасөз мәслихатында елдегі аптап ыстық пен жаз айларында болған орман өрті туралы айтты. Кездесу Météo-France метеорологиялық қызметінің штаб-пәтерінде өтті.

Министрдің айтуынша, 2026 жылдың жазы Франциядағы метеорологиялық бақылау тарихындағы ең ыстық жаз болып сақталады.

Барбю аптап ыстыққа байланысты кейбір мектептерде сабақ тоқтатылғанын атап өтті.

— Ауа температурасы 35 градустан жоғары болғанына қарамастан, ауруханалар науқастарды қабылдауға мәжбүр болды, — деп атап өтті ол.

Министр аптап ыстық пен орман өртінің салдарынан тұрғын үйлердің қирағанын, жоғары температурадан көптеген адамның, соның ішінде жастардың көз жұмғанын айтты.

Барбю климаттың өзгеруіне бейімделу үшін Францияға қоғам мен экономиканың барлық саласын қамтитын ауқымды әрі кешенді шаралар қажет екенін баса айтты.

Оның айтуынша, билік келесі жазға дейін барлық мектепті толық жаңғырта алмайды, алайда оқу орындарына пердеше мен желдеткіштер орнатуға болады.

— Тамыз айының соңына қарай орман өрті соңғы 20 жылдағы орташа көрсеткіштен алты есе көп аумақты шарпыды, — деді министр.

Бұған дейін Эль-Ниньо күшейсе, әлемді аптап ыстық күтіп тұрғаны хабарланған болатын.

Ақзат Жиеналина