Франциядағы үш люкс қонақүй алғаш рет Palace мәртебесінен айырылды

АСТАНА. KAZINFORM – Франциядағы бірден үш танымал люкс санатындағы қонақүй – Park Hyatt Paris-Vendome, Mandarin Oriental Paris және Hotel du Palais елдің қонақүй индустриясындағы ең жоғары санат саналатын Palace мәртебесінен айырылды, деп хабарлайды Euronews .

Фото: Park Hyatt Paris-Vendome

Мұндай шешімді Франциядағы ең үздік бес жұлдызды қонақүйлерді бағалайтын арнайы комиссия қабылдады. Мәліметке сәйкес, кейбір қонақүйлер мәртебені сақтап қалу үшін қажет жоғары талаптарға енді сай келмейді. Есепте бірқатар міндетті талаптар бойынша «кемшіліктер» анықталғаны айтылған.

Park Hyatt Paris-Vendome мәртебесінен инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасын жеткілікті деңгейде жаңартпағаны үшін айырылды. Осындай жағдай Hotel du Palais қонақүйінде де байқалған. Ал Mandarin Oriental Paris ауқымды қайта жаңғырту жұмыстарына дайындалып жатқандықтан, мәртебені қайта қарау болашақтағы өзгерістермен байланысты болуы мүмкін.

Сондай-ақ аңызға айналған Hotel Byblos қонақүйіне қатысты ақпарат та назар аудартты. Қонақүй Palace мәртебесіне ие нысандардың ресми тізімінен жоғалып кеткенімен, Франция билігі бұл ақпаратты әзірге ресми түрде растаған жоқ.

Тізім қайта қаралғаннан кейін Францияда Palace мәртебесіне ие қонақүйлер саны 2019 жылғы 31 нысаннан 27-ге дейін қысқарды. Palace санатындағы қонақүйлердің үштен бірінен астамы Парижде орналасқан. Беделді мәртебеден айырылғанына қарамастан, аталған қонақүйлердің барлығы бес жұлдызды санатын сақтап қалып, Франциядағы ең қымбат әрі сән-салтанатты қонақүйлер қатарында қала береді.

2026 жылғы жаңартылған Palace Collection тізімін 2 маусымда Францияның туризм министрі Серж Папен таныстыруы тиіс.

Еске сала кетейік, Palace мәртебесін Францияның Туризм министрлігі 2010 жылы елдегі ең үздік бес жұлдызды қонақүйлерді ерекшелеу мақсатында енгізген.

Бұл мәртебені алу үшін қонақүйлер Atout France агенттігінің тексеруінен өтеді. Міндетті талаптардың қатарында спа-аймақтардың, фитнес-орталықтардың, консьерж қызметінің және бірнеше тілде қызмет көрсете алатын персоналдың болуы қарастырылған.

Бұған дейін елімізде қонақүйлерге «жұлдыз» беру жүйесі жаңартылатынын жаздық.