Франциялық БАҚ Макронның Астанаға сапары жайлы не жазды

Бүгін француз БАҚ назары Франция президенті Эмманюэль Макронның Астанаға ресми сапарында болды. Францияның бірден бірнеше көрнекті басылымы бас мақалаларын Франция басшысының Қазақстан астанасына сапарына арнады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің  тілшісі. 

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Le Figaro басылымының жазуынша, сапардың мақсаты Париждің «қазақ-француз стратегиялық серіктестігін қайта жандандыру» ниеті болды. Мақалада атап өтілгендей, қар жамылған Астанаға келген Эмманюэль Макрон 2014 жылы Франсуа Олландтан кейін Қазақстанға келген алғашқы Франция президенті болды.

Сапар барысында тараптар пайдалы қазбаларды өндіру, фармацевтика, энергетика, авиация және мәдениет сияқты стратегиялық салаларда бірнеше келісімшартқа қол қойды. Қазақстанның Энергетика министрінің сәрсенбіде растағанындай, француздық EDF компаниясы – Қазақстандағы бірінші атом электр станциясы жобасына үміткерлердің бірі. Оның құрылыс мәселесі жыл соңына дейін референдум барысында шешілуі тиіс.

Каспий теңізіндегі маңызды Қашаған кен орнын бірлесіп игеріп жатқан TotalEnergies мұнай тобын құрудың арқасында Франция Қытайдан озып, Қазақстандағы бесінші шетелдік инвестор болды. Екіжақты сауда (негізінен көмірсутектер) 2022 жылы 5,3 млрд еуро болды. Қазақстан сонымен қатар Францияға өз уранының 40%-ға жуығын жеткізеді.

Франция басшысының Орталық Азиядағы екі ел – Қазақстан мен Өзбекстанға сапары туралы Le Monde басылымы да жазды.

Автор Мари Жего бұл президент Макронның үлкен мән беретін сапары екенін атап өтті. Елисей сарайының мәліметінше, бұл Францияның мұнай, көмір, уран және сирек металдарға бай Орталық Азия аймағының экономикалық локомотиві Қазақстанмен 2008 жылы орнатқан стратегиялық серіктестікті тереңдетуге бағытталған.

Жего Қазақстан серіктестігін әртараптандыру үшін Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық жағдайын пайдаланып отыр деп санайды. Бұрынғы кеңестік республика Франциядан бес есе үлкен және оның 19 млн тұрғыны бар. Автордың пікірінше, соңғы жылдары Қазақстан өзінен мұнай мен уранды сатып алатын Еуроодақпен сауда байланысын айтарлықтай нығайтты. Қазіргі кезде Брюссель Мәскеу мен Бейжіңді басып озып, аймақтағы жетекші инвестор болды.

Le Monde тілшісінің пікірінше, Париж де одан қалыспай отыр. Француз инвесторларының осы маңызды салаға қызығушылығының дәлелі ретінде 15-ке жуық бизнес көшбасшылары, соның ішінде EDF, Suez және Orano (бұрынғы Аreva) бас директорлары Макронның Астанаға сапарында онымен бірге еріп жүрді.

Эмманюэль Макрон Қазақстанға жету үшін шығысқа қарай 5 мың шақырым жол жүрді, деп жазады Le Point.

Франция президенті Орталық Азияға соңғы сапарын 2023 жылдың мамырында Моңғолияға жасаған.

Сапар ең алдымен, экономикалық мақсатты көздеді. Бұл сапарға өнеркәсіп, сыртқы сауда министрлері мен 15-ке жуық кәсіпорын басшысы қатысты. Франция Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысына қатысқысы келеді, деп жазады басылым.

Le Parisien басылымы президент Макронның сапары туралы материалында Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынас тарихына тоқталып, онда Франсуа Миттеранның Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін 1993 жылы Қазақстанға келген алғашқы еуропалық мемлекет басшысы болғанын еске салды.

2009 жылы президент Николя Саркози, 2014 жылы Франсуа Олланд Қазақстанға сапармен келген.

Уран, титан, атом энергетикасындағы ынтымақтастық... Эмманюэль Макронның Қазақстанға, одан кейін Өзбекстанға екі күндік сапары барысында көптеген тақырып талқыланады, деп жазады La Tribune.

Халықаралық күн тәртібінің мазмұнды болғанына қарамастан, Франция президенті елдің Орталық Азиядағы дипломатиялық және экономикалық ұстанымдарын нығайтуға ұмтылуда, деп жазады француз басылымы.