Францияның экс-президенті Николя Саркози түрмеде кітап жазуды қолға алды

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM – Францияның бұрынғы президенті, 2007–2012 жылдар аралығында елді басқарған Николя Саркози түрмеге түскен алғашқы күнінде-ақ кітап жазуға кіріскен, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап.

Бұл туралы оның адвокаты Жан-Мишель Дарруа мәлімдеді. Қорғаушының айтуынша, Саркози аумағы 9 шаршы метрді құрайтын жеке камераға орналастырылған.

Жан-Мишель Дарруа камерада үнемі түрлі шу естіліп тұратынын айтқан. Дегенмен экс-президент спортпен айналысып, тіпті кітап жазуды да бастап, түрмедегі алғашқы күнін тиімді өткізген. Күннің екінші жартысында ол әйелі, әнші Карла Брунимен кездесті.

«Түрмедегі алғашқы күн қашанда қиын, бірақ ол бұл сынақтан сүрінбей өтті», деді Дарруа.

Еске салайық, Париж соты Францияның экс-президенті Николя Саркозиді 2007 жылғы сайлауалды кампаниясын Ливия режимінің қаржыландырғаны бойынша қылмыстық сөз байласу жасады деп танып, оны 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған.

Сот отырысын жүргізген Натали Гаварино Саркози, сол кездегі кандидат ретінде, жақын серіктеріне Ливиядан қаржылай қолдау алу үшін әрекет етуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Экс-президентке пассивті жемқорлық, сайлауалды кампанияны заңсыз қаржыландыру, мемлекеттік қаражатты мақсатсыз жұмсау және қылмыстық топпен байланыс орнату баптары бойынша айып тағылған.

21 қазанда Николя Саркози жазасын өтеу үшін Санте түрмесіне жеткізілген еді.

Айта кетейік, Францияның экс-президенті Николя Саркози бес жылға бас бостандығынан айырылды.