Францияның оңтүстігінде тағы 225 гектар орман өртке оранды

АСТАНА. KAZINFORM – Францияның оңтүстігіндегі Од департаментінде жалғасып жатқан орман өрті салдарынан 225 гектар жер өртенді. Бұл туралы Анадолу агенттігі жазды.

Фото: Анадолу

Од префектурасының мәліметінше, өрт бір күн бұрын жергілікті уақытпен сағат 16:00 шамасында Пюилоран коммунасының маңында тұтанған.

Тілсіз жаумен күресуге бірнеше департаменттен 350 өрт сөндіруші, 100 техника, тікұшақ пен өрт сөндіру ұшағы жұмылдырылды.

Түнде ауа райы қолайлы болғанымен, өртті әзірге бақылауға алу мүмкін болмай отыр.

Қазіргі уақытта өрт 225 гектар аумақты шарпыған.

Билік күндіз күтілетін аптап ыстық өрт сөндірушілердің жұмысын қиындатуы мүмкін екенін ескертті.

Од департаментінің префекті Ален Бюке тұрғындарды өрт ошағына жақындамауға және өрт сөндірушілер мен жандармерия қызметкерлерінің нұсқауларын орындауға шақырды.

Өрттің шығу себебі әзірге анықталған жоқ.

Айта кетейік, 5 қыркүйекте Қазақстанның үш облысында орман өрті тіркелгені хабарланды.

Ал Алжирде орман өртінен 12 адам қаза тауып, үш күндік аза тұту жарияланды.